ЕҢБЕК ҚОҒАМЫ – БАҚЫТ ЖОЛЫ

Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйғарымымен қалыптасқан дәстүр бойынша қазан айы – қарттарға қамқорлық айы болып жылма-жыл өтіп келеді. Осыған орай, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Салтанат сарайында бір топ еңбек ардагерін қабылдады.

Еркін әңгіме барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының сындарлы саясаты, негізінен, бәсекеге қабілетті Еңбек қоғамын құруға бағытталып отырғанын жеткізді.

– Атыраудың жерінде талай адамдар абыройлы еңбек етті. Біз қазір сіздер бастап салған жолды жалғастырып келеміз. Біздің ең үлкен байлығымыз – мұнайымыз бар. Еңбек ететін тамаша халқымыз бар. Соңғы жылдары Елбасы Н.Назарбаевтың арқасында көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Жылдан-жылға мүмкіндік көбейіп жатыр. Дүние жүзін жайлаған дағдарыстан аман-есенбіз. Еліміздің ұраны – халық бірлігі. Осы игі істің басында Елбасы тұр. Еліміз әлемге танылды. Дамыған елдермен қатар шаңырағымыз теңесті, – деп аймақ басшысы ардагерлерге мықты денсаулық, отбасы амандығын тіледі.

Аймақ басшысымен кездесуге облыс орталығымен қоса аудандардағы еңбек майталмандары да арнайы шақырту алған.

– Қазан — қайырымдылық айлығы. Бүгінгі таңда біз Еңбек қоғамына қарай бет бұрудамыз. Қазіргі заманда еңбек етпейтін адам болмауы керек. Елбасы бұл туралы «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында айтты. Бүгінгі қабылдаудың бұрынғы кездесулерден ерекшелігі сол, ардагерлердің барлығы – өндіріс пен ауыл шаруашылығы, әлеуметтік, мәдени қызмет салаларында адал жұмыс жасап, бір мақсат жолында жұмыла еңбек еткендер. Осы қабылдауға әр саланың еңбек ардагерін шақырдық. Атап айтсақ, теміржолшы, шопан, ұстаз, мұнайшы, балықшы және басқа мамандықтарда тер төгіп еңбек еткендер бар. Сонымен қатар, олардың әрқайсысы — еңбек династиясының өкілдері, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов бізбен әңгімесінде.

Қабылдау барысында өз өмірін егін шаруашылығына арнаған, Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылынан келген 88 жастағы қария Қабдол Кенжеғалиұлы, ғұмырының 67 жылын бала тәрбиесіне арнаған 84 жастағы ардагер ұстаз Есет Қаженбаев, Гурьев облыстық атқару комитетінің бұрынғы төрағасы, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев және басқа ақсақалдар сөз алып, облыс басшысының құрметіне алғыс білдірді, өлкеде жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз