Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Біз – бейбіт елдің бақытты ұрпағымыз!

Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Талай жанның ғұмыры қыршын кеткен қан майданды көрмедік. Сұрапыл соғыстың салқынын тек аға буын ардагерлеріміздің естелік-әңгімелерінен ғана естіп, білдік.

Ал, тәуелсіз еліміздің берік қамалы, құрыштай мығым қорғаны – оның әскері. Сарбазы қуатты мемлекеттің іргесі де мықты болары сөзсіз. Демек, жауынгерлер қатарын толықтыратын жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге әзірлігі қалай? Атырау қаласы Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының бастығы, подполковник Батырхан Қазаховпен (суретте) арадағы әңгіме осы тақырыпқа арналды.

– Батырхан Бектемірұлы, алдымен көктемгі әскерге шақыру науқаны турасында айтып өтсеңіз…

– Қазірде елімізде болып жатқан пандемияға байланысты көктемгі әскерге шақыру науқаны тоқтатылып тұр. Карантин ашылып, жағдай жақсарғаннан соң бұл науқан кері жалғасатынына сенімдіміз.

– «Тепсе, темір үзетін» жастағы азаматтардың денсаулығы қалай, жалпы қанша пайызы жарамсыз немесе кейінге қалдырылады?

– Әскерге шақырылушылар арасында анемия, дене салмағының аздығы, өт жолдары ауруы, ішкі бас сүйек қан қысымы, тұтығу, энурез, майтабан дерттерін жиі кездестіреміз. Болашақ Отан қорғаушылардың саулығы мықты болуы қажет. Оның үстіне, басты байлыққа селқос қарап, емдеу картасының жоғалуына мән бермей жүре беретіндер бар. Сөйтіп, ауруын асқындырып алатындар да жеткілікті. Ал, дер кезінде ем қабылдаса, жазылмайтын ауру жоқ. Қазірде әскерге шақырылғандардың қатарында арқа омыртқасының қисаюы көбейіп кетті. Сондай-ақ, дәрігерлер өткен жылдармен салыстырғанда көз ауруларының жиілеп кеткендігіне алаңдаулы.

Алыстан көрмеушілік белең алып барады екен. Тіпті, бас миының шайқалуы, жүрек жетімсіздігі, 3-деңгейлі жалпақтабандылық сырқаттарын комиссия тексерісінен кейін біліп жатқандар да аз емес көрінеді. Неврологиялық тері аурулары да кездеседі. Қуантарлығы, жарамдылық санаттар бойынша дәрігерлік куәландырудан өткен, салауатты өмір салтын ұстанып, жауынгер қатарынан көрінгісі келетін жастар аз емес. Қысқасы, ата-аналар мен мектеп мұғалімдері алдын алу шараларына маңыз бергені абзал. Былтыр Атырау қаласы бойынша әскерге шақырылушылардың 43 пайызының денсаулығы жарамсыз болды.

– Болашақ Отан қорғаушыларға қойылатын басты талап қандай?

– Шын мәнінде, әскер – мектеп. ҚР Қарулы күштері арасында халықаралық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Соның ішінен біздің Қазақстан екінші орынға ие болды. Мұның өзі нені көрсетеді? Заманауи техника мен жаңа дәуірге лайықталған қару-жарақ. Дәлірек айтсақ, қазіргі әскерді бұрынғымен мүлде салыстыруға келмейді. Оның бірнеше себебі де бар. Мәселен, ХХІ ғасыр – озық технология заманы. Бүгінгі таңда жүйенің барлығы автоматтандырылып, жаңа техникалар енгізілген. Әскерилердің парадтарынан-ақ байқап жүрген боларсыздар, бүгінде бәрі жаңарды. Оның үстіне, бір жылдың ішінде болашақ сарбаздар бірден техникамен жұмыс істемейді.

Алдымен, әр салаға маманданады. Сондықтан, жастарда таңдау көп. Кең байтақ даланы бізге ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, кейінгі ұрпаққа қалдырды. Енді біз де сол басты құндылығымызды көздің қарашығындай сақтап, жас буынға тапсыруға тиіспіз. Жаудың қашан келетінін ешкім айта алмайды. Оның үстіне, бүгінгі әскер – элиталық әскер. Кеңес үкіметі кезінде мұндай әскерге таңдаулылар ғана жіберілетін.

Денсаулығында кінәраты барлар тұрғын үй салуға құрылыс батальондарына аттанатын. Тағы да қайталап айтамын, қазіргі жағдай мүлде басқаша. «Ұлттық ұлан», Мемлекеттік күзетке бойы 175 сантиметрден жоғары балалар ғана алынады. Оның да өз талаптары бар. Сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметіне де әскерлер аттанады.

–Аға буын үшін әскерге ілінбей қалу деген ұят саналатын. Ол кезде әскерге барып келу үлкен мәртебе, абырой еді. Қазіргі жас ұрпақтың ел армиясының қатарын толықтыруға деген құлшыныстары қандай?

– Кезінде әскерге бармаған азаматтарға қыздар да күмәнмен қарайтын. Бұл қандай себептермен бармай қалды, демек, денсаулығында кінәрат бар деп ойлайтын. Қазір ондай басымдық жоқ. Дегенмен, жастардың әскерге деген көзқарасы түзу. Оған мектептердегі әскери-патриоттық клубтардың мүшесі болуы, «Жас сарбаз» бойынша сыныптарда оқуы дәлел бола алады. Әскер қатарында болған сарбаздан үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық танытып, ел қорғайтын нағыз азамат шығады. Олар алдағы уақытта өз отбасына да берік болады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастармен танысып, жаңа достар табуына оң ықпал етеді.

– Әскери қызметтен жалтаратындар бар ма, оларға қандай жаза қарастырылған?

– Негізі, жалтару деген болмайды. Болғанның өзінде мекенжайлары ауысып кеткен жағдайлар кездеседі. Ондайда базадан басқаша іздестіріп табамыз. Ал, әскерге барғысы келмей, қашып жүргендер әкімшілік айыппұл төлейді. Ел тыныш болса береке мен бірлік орнайды. Халық алаңсыз еңбек етіп, тыныш өмір сүреді. Бейбіт елдің ахуалы жақсара түсетіні өз алдына, ең бастысы, халықтың жүрегі тыныш болады. «Ұланы бар елдің ұраны бір» демекші, ер жеткен әр азаматтың борышы – әскери борышын өтеу. Ал, бұл кезеңге үлкен жауапкершілікпен қарау – әр ер-азаматтың міндеті.

Әңгімелескен: Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button