«БІЗ БАЙЗАҚОВ КӨШЕСІНДЕ ТҰРАМЫЗ!»
Жеңістің 70 жылдығына орай облыстық ономастикалық комиссия Ұлы Отан соғысының ардагері Қорқыт Байзақовтың есімін Махамбеттегі бір көшеге беру туралы шешім алған болатын. Көшенің ашылу салтанатына қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев бастаған бір топ атыраулық зиялы қауым өкілдері, Қ.Байзақовтың ұрпақтары, ауыл тұрғындары қатысты.
Қорқыт Байзақов 1912 жылы Гурьев облысы, Есбол ауданы, Өрлік елді мекенінде дүниеге келген. 1941-1946 жылдары Отан соғысына қатысып, офицерлік шенмен елге оралған. Майдандағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту» ордендерімен, сондай-ақ, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны жаудан босатқаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» жауынгерлік медальдарымен марапатталған. Соғысқа дейін 1925-1941 жылдар аралығында Доссор мұнай кәсіпшілігінде оператордың көмекшісі, оператор, есепші, бас есепші, кәсіподақ ұйымының жетекшісі сияқты жауапты жұмыстарды абыроймен атқарса, соғыстан кейінгі жылдары қызмет бабымен Махамбет ауданына ауысып, ұзақ жылдар бойы қаржы саласында еңбек етті.
— Махамбет ауданы орталығындағы жаңадан бой көтерген сәнді көшелердің біріне ардагер ағамыздың есімі берілуі – майдангер рухына жасалған тағзым деп білеміз,-деді аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейтқалиев. — Ардагер ағамыздың жүріп өткен өнегелі де, тағылымды өмір жолы аудан, облыс тарихында алтын әріптермен жазылады. Өткен жылы осы көшедегі мамандарға арналып салынған он үйдің кілтін иелеріне тапсырған облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов жаңадан қоныстанушыларға қолайлы тұрмыстық жағдай туғызу үшін көшені асфальттау туралы тапсырма берген болатын. Сол жұмыс алдағы жылы қолға алынады.
Келесі кезекте сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нәсіпқали Сәменов ел мәдениетін көтеру, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу туралы Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге тоқтала келіп, елдің тарихы мен өткенінен сыр шертетін мұндай тағылымды шараның жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде маңызы зор екендігін нақты мысалдармен тарқатып айтты. Атыраудың абызына айналған қазыналы қария Есен Тасқынбаев ағамыз да сөз алып, өтіп жатқан шараға байланысты өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді.
Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Қорқыт Есқалиев өзімен аттас майдангер ағасының рухына арналған өлеңін оқыды. Ұрпақтары атынан сөз алған ұлы Марат Қорқытұлы Байзақов 1950-ші жылы өзінің кіндік қаны осы киелі Махамбет топырағына тамғанын тебірене жеткізіп, марқұм әкесінің есімін ұлықтауға жиналған барша қауым алдында басын иді. Бұдан соң үй маңдайшасындағы ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды. Онда: «Бұл көше Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту» ордендерінің иегері, даңқты жерлесіміз Қорқыт Байзақовтың есімімен аталады» деп жазылған. Аудан өнерпаздары әуелете ән салып, өнерден шашу шашты.
Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,
Махамбет ауданы.