Ұстазы мықтының – ұстамы мықты

Жуырда 1-7 сынып оқушылары арасындағы «Зерде» XII республикалық зерттеу жұмыстары мен жобалар конкурсынан Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия оқушылары жүлделі орындар иеленді. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған бұл сайыста қазақтың ұлттық сусыны қымыздың пайдасын зерттеген 3 «в» сынып оқушысы Мәди Жұптыбай I орын алса, «Данышпан балалар» атты жұмысымен Талшын Жанғабылова III орынды иеленіп отыр.

Ұлт намысы – ұрпағында

Шәкірттің жеңісі – ұстаз еңбегінің жемісі. Бұл жетістіктің артында да балаларды білім нәрімен сусындатқан ұстаздың үлкен еңбегі бар. Аталған екі оқушыны тәрбиелеп, зерттеу жұмысына, шығармашылыққа баулып жүрген тәжірибелі ұстаз – Эльмира Есмұханова. «Зерде» конкурсының негізгі мақсаты – оқушыларды жастайынан зерттеу жұмыстарына тарту, зерттеушілік дағдыларын жетілдіру  арқылы олардың интеллектуалдық шығармашылық әлеуетін арттыру. Сондай-ақ, оқушылардың жас кезінен бастап шығармашылық жобалау және зерттеушілік дағдыларын дамыту болып табылады. «Біз бұл білім бәйгесіне төрт мәрте қатыстық. Мәселен, қымыздың пайдасын зерттеу үшін Мәди Жұптыбай жан-жақты ізденді. Ол тек қымыз туралы оқып, біліп қана қоймай,  дайындалу әдісін де өз көзімен көрді. Одан кейін қымызды университеттегі арнайы зертханаға апарып, тексеру жұмыстарын жүргіздік. Міне, біз сол еңбектің нәтижесінде жетістікке жетіп отырмыз» дейді шығармашыл ұстаз. «Данышпан балалар» жұмысымен танылған Талшын да әлемдегі танымал білімді, данышпан балалар туралы тынбай ізденіп, еңбектенген.

Айта кету керек, Мәди мен Талшын жүлделі орындарға қол жеткізіп отырған Эльмира Борисқызының бірінші оқушылары емес. Сыныпта білім алатын балалардың деңгейін, қарым-қабілетін, жан дүниесін өте жақсы түсінетін ұстаз оларға не керектігін, қандай іске икемі барын да бірден біледі. Әсіресе, оқушылардың шығармашылығын шыңдауға бар күшін салды. Өткен жылы Болгарияның Несебр қаласында үшінші рет өткізілген «Шексіз математик» халықаралық турнирінің шыңын бағындырғандардың арасында осы ұстаздың оқушылары бар. Гимназия ағылшын тілімен қатар математика пәнін оқытуға ерекше көңіл бөліп, оқушыларды аталған турнирге шақырту алған. «Турнир финалында тапсырмалар өте күрделі болды. Өйткені, кәсіби мамандар тапсырмаларды оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай құрастырып шығарған. Бұл турнирде біздің 2-4 сыныптардан барлығы 16 оқушы қатысып, олардың көбі жүлделі орындар алды» дейді Эльмира ұстаз.

Бұл сайыстың қорытындысымен гимназия оқушылары – Роллан Ахмет, Мәдина Саниева, Айкөркем Асанова, Шахида Нұрғабылова, Айбек  Ғалымжанов, Әсем Сабырова, Асыл Сағидоллаева, Әлішер Бекбаев, Арнұр Қаржау, Нұржан Асқар, Талшын Жанғабыловалар жүлделі орындарға ие болды. Жалпы, төрт айналымды турнирдің қорытындысымен Атыраудан барған техникалық гимназия командалық есепте алға озып, бас жүлде – халықаралық кубокті жеңіп алды. Жиырма бес жылдан астам еңбек өтілі бар Эльмира алғаш қызметін 1992 жылы М.Калинин атындағы №77 мектепте білім беруден бастаған. Бүгінде ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияда ұстаздық еткеніне 15 жылдан асты.

Осы еңбек жылдары арасында бірнеше бастауыш сыныптарды аяқтандырды. Қалалық, облыстық пәндік олимпиадаларға, халықаралық зерттеу, шығармашылық сайыстарға дайындаған оқушылары жүлделі бірінші, екінші орындардан көрініп жүр. Балаларға сапалы білім беріп, шығармашылығын шыңдау арқылы ата-аналардың алғысына бөленген Эльмира ұстаз «бәсекеге қабілетті шәкірт дайындау басты міндетім» деп біледі.

Эльмира  Есмұханова  2014 жылы «Жыл мұғалімі» сайысында II орын, 2015 жылы «Педагогикалық оқудан» жүлделі I орын алды. Оның есімі «Атырау ұстаздары» энциклопедиясына енген.

Мәлике МӘЛІК.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз