Жарнама
Жаңалықтар

Биылдан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды

Бұл жаңашылдық биыл және 2022 жылы декреттік демалысқа шыққандарға байланысты болмақ, дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі басшының орынбасары Кұрманай Қалиева.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді. Егер бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 айлық есептік көрсекіш немесе 131 100 теңге болса, төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 217 350 теңге. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке беріледі.

-Бала күтіміне байланысты жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленеді. Бұған дейін бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби 1 жасқа толғанға дейін төленіп келді. Енді 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем бір жарым жылға ұзартылды. 2022 жылы туған бала үшін жәрдемақы автоматты түрде жарты жылға созылады. Ал 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден 1,5 жылға тағайындалады. Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге қатысты. Көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы бойынша кәмелетке толмаған 4 және одан көп немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Ол отбасының кірісіне қарамастан барлық көпбалалы отбасыға бала санына қарай беріледі. Биыл оның мөлшері 4 балаға – 55 304 теңге, 5 балаға – 69 138 теңге, 6 балаға – 82 973 теңге, 7 балаға – 96,807 теңге, 8 және одан көп баласы бар отбасыларға 110 400 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК немесе 13 800 теңгеден қосылады,- деді Қ.Қалиева.

Оның айтуынша, асырап алған, сондай-ақ қамқоршылыққа алған балалары бар отбасыларға бала күтімі жөніндегі жәрдемақы бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қамқоршылық белгілеу туралы шешім қабылданған күннен бастап тағайындалады.

Айта кетейік, бала туғанда берілетін жәрдемақы мен бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыны тағайындау үшін ата-анасының біреуі мемлекеттік корпорацияға өтініш береді. Ол үшін оның жеке басын куәландыратын құжат, баланың туу туралы куәлігімен электрондық құжат тапсырады. Порталға жәрдемақы тағайындау үшін көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-мен электрондық үкімет порталы арқылы бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы және бала күтімі бойынша жәрдемақыны тағайындауға өтініш береді.

Көрсетілетін қызметті берушілер бір реттік құпиясөз арқылы немесе порталдың хабарламасына жауап ретінде қысқа мәтіндік хабарлама жіберу жолымен порталда тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы ұсынылған құжат иесінің келісімімен интеграция негізінде цифрлық құжаттарды ала алады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button