
Биыл облыста 2000-нан адаммен діни оңалту жұмыстары жүргізілді
Атырау облысында деструктивті діни ағымның өкілдерімен жүргізілетін оңалту шаралары жалғасуда. Биыл алғашқы жартыжылдықта 2006 адаммен жеке жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде 1076 адам қоғамға бейімделіп, 272-сі толық оңалды. Бұл туралы облыстық Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев мәлім етті.
Басқарма басшысы бүгінде осы бағытта 74 теолог пен 2 психологтың жұмыс істейтінін атап өтті. Жазасын өтеушілер арасында да оңалту шаралары тұрақты жүргізілуде.
– Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеуші 245 адаммен 361 жеке кездесу өткізілді. Олардың ішінде 34 адам қазақ қоғамының құндылықтарына бейімделді. Бұл – деструктивті көзқарастан арылудағы нақты нәтиже, – деді Қ.Мұсаев.
Сондай-ақ діни ағымдарға қызығушылық танытқан 91 жасөспіріммен 98 кездесу өткізіліп, нәтижесінде 14-і толық оңалып, 57-сі қоғамға бейімделді. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда оңалғандар санының үш есе, ал бейімделгендердің екі есе артқанын көрсетеді.