Биыл ауыл шаруашылығын дамытуға арналған «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылады
Биыл өңірде 2,5 пайызбен несие беретін «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылады. Осы жылы бұл бағдарламаға 1 млрд 504 млн теңге бөлінді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұлов баспасөз конференциясында мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлерге көмек көрсету мақсатында Ауыл шаруашылығы министірлігі, облыс әкімдігі және сенім білдіретін өкіл арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске аспақ. Бұл бағдарламаға кооперативтер немесе жеке қосалқы шаруашылықтар қатыса алады. Кооперативтерге 27 млн теңге, жеке қосалқы шаруашылықтарға 8 млн теңгеге дейін несие қарастырылған.
— Бағдарламаның қаржыландыру 4 бағытта жүзеге асады. Атап айтсам, аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласындағы тауарларды өндіру және өңдеу; мал басын көбейту, молайту және өнім алу; жылыжай салуға және қызмет көрсетуге, сондай-ақ кооперативтерді жабдықтауға. Ал оған қойылатын негізгі себептерге тоқталсам, ең алдымен несие алушының жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдарына берешек болмауы және несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспағаны маңызды. Несие алу үшін міндетті түрде кепілдік болуы керек. Оған қоса шаруашылық бастау үшін барлық мүмкіндіктермен қамтамасыз етілуі шарт, — деді С.Өтеғұлов.
Оның айтуынша, жеңілдетілген несие шарттарының мерзімі – 5 жылға дейін. Мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жыл. Номиналды сыйақы мөлшері жылдық 2,5 пайыздан аспайды.
Айта кетейік, пилоттық жоба масштабтау шеңберінде жергілікті атқарушы орган сенім білдірген өкіл арқылы жүргізілетін болады. Бүгінде сенім білдірген өкілді анықтау үшін конкурс жүруде. Аталған өкіл анықталған бойда несиеге өтініш қабылдау басталады.