
Биыл Атырауда жаңа үш спорт зал пайдалануға беріледі
Атырау қаласында құрылысы қайта жанданған жаңа үш спорт зал жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Ернар Қадырбай мәлімдеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Нысандардың құрылысы аталған басқарманың тапсырысы бойынша жүзеге асырылуда. Бұған дейін жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме – «ТехникаРемСтрой» ЖШС-нің жұмысы мардымсыз деп танылып, онымен жасалған келісімшарт біржақты тәртіпте бұзылған. Қазір аталмыш компания мен лауазымды тұлғаларға қатысты сот процесі жүріп жатыр.
Жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілген соң жаңа мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып, нәтижесінде құрылысты жалғастыру құқығы «Vek-Stroy-Com» ЖШС-на берілді. Жұмыс барысы биыл сәуірде басталды.
– Қазір бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстар өндірістік кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Жоспар бойынша спорт залдары осы жылдың соңына дейін толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі, – деді Е.Қадырбай.
Жаңадан бой көтергелі отырған спорт кешендерінде күрес, таеквондо, бокс және кроссфит жаттығу залдары қарастырылған. Бұл – тұрғындардың әртүрлі спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік беретін жан-жақты жабдықталған нысандар болмақ.
Негізгі мақсат – Атырау қаласының спорттық инфрақұрылымын жетілдіру және бұқаралық спортты дамыту. Жаңа спорт залдары балалар мен жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасамақ.