Бірыңғай жиынтық төлем: қалай жүзеге асырылады?
Atr.kz/10 шілде, 2019 жыл. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде биылдан бастап жарналарды өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да төлей алады. Олар үшін бірыңғай жиынтық төлем тәртібі енгізілді. Бұл төлем түрінің негізгі мақсаты неде? Жарна сомасы қалай есептеледі? Осы және өзге де сауалдар аясында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Байтолла Ғазизовтың айтуынша, аталған төлемнің негізгі мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды, яғни «көлеңкеде жүрген жұмысшыларды» тіркеу. Оны жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланбайтын, дара кәсіпкер ретінде тіркелмей жеке тұлғаларға өздері қызмет көрсететін азаматтар жасауы тиіс.
«2020 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесін толығымен іске қосу жоспарланды. Сондықтан, келесі жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді тіркеп алу қажет. Аталған төлемді төлеушінің табыс мөлшері тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарындағы айлық есептік көрсеткіштің 1175 еселенген мөлшерінен аспауы тиiс. Яғни, бұл қала тұрғындары үшін – 1 (2525 тг), ал ауыл тұрғындарына 0,5 айлық есептік көрсеткішпен (1263 тг.) есептеледі» деді Б.Ғазизов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері тұрғындар бірыңғай жиынтық төлемді төлеуді бастады. Республика бойынша қорға 133 млн. теңгеден астам қаржы түсті, оның ішінде Атырау облысының үлесі 2 млн. 400 мың теңгені құрады. Төлемдерді екінші деңгейдегі банктер, Қазпошта, терминалдар, «Каспий кз» мобильдік қосымшасы арқылы да төлеуге болады.
Бүгінде еліміздегі барлық жұмыс берушілер МӘМС қорына жарналарды аударуда. Нәтижесінде республика бойынша 185 млрд. 805 миллион теңгеден аса қаражат жиналды. Оның ішінде Атырау облысының үлесі 11 млрд. 889 млн. теңгені құрайды. Спикердің айтуынша, жинақталған қаржыға еш алаңдауға негіз жоқ. Өйткені, бұл төлемдер Ұлттық банкте сақталады. Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ