«БІРТҰТАС БОЛСАҚ, БӘРІ ҚОЛЫМЫЗДАН КЕЛЕДІ»
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға жұмыс сапарында осылай деді
Атырау облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің батысындағы облыстары әкімдерімен кездесіп, кеңейтілген кеңес өткізді. Жиынға, сондай-ақ, Үкімет мүшелері, инвесторлар мен іргелі бизнес өкілдері қатысты. Алқалы кеңестің негізгі өзегі еліміздің батыс аймағында шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесіне арналды.
Еліміздің негізі өнеркәсіп өндірісінің жартысы батыс аймақта екендігін атап өткен Елбасы осы төрт өңірдің даму қарқыны бүкіл республикаға ықпалын тигізетінін айтты. Осы орайда өзекті мәселелерді қозғап, олардың шешімін табуына бар күш-жігерді салу қажеттілігін ескертті.
БАҒДАРЛАМА ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ
Қазір әлемде мұнай мен газдың, түсті металдың бағасы төмендеді. Алайда, елде жүргізіліп жатқан индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы тәуелсіз Қазақстанның дамуына ерекше серпін бермек. Кеңейтілген кеңес барысында Мемлекет басшысы бүгінгідей экономикалық күрделі кезеңде жұмыс орындарын сақтап қалуды және бәсекеге қабілетті индустрияландыру жобаларын жүзеге асырып, отандық өнімдерді кеңінен жарнамалауды тапсырды.
— Еліміздің жер аумағы үлкен болғандықтан, әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Батыс өлкесінде мұнай-газ саласы қарқынды дамығандықтан, бұл салаға салынатын қаражат та көп, жасалатын жұмыстар да ауқымды. Батыс мұнай өндіруге және өңдеуге маманданған. Соған байланысты біз нақ осы саланың дамуына мол инвестиция салып жатырмыз.
Қазіргі таңда мұнай мен газдың бағасының төмендеуіне байланысты біз жүргізіп отырған индустриялдық саясат дұрыс екендігі тағы да дәлелденіп отыр. Бірақ, біз мұнымен шектеліп қалмауымыз керек. Бүгін Атыраудағы «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС-ның оптикалық кабель шығаратын және мұнай өнеркәсібі үшін жабдықтарды жөндеумен айналысатын «Атыраумұнаймаш» зауыттарында болдым. Мұндай жобалар өте қажет. Енді «сырттан» алынатын кабельдің жартысы осы жерден шығатын болады. Мұндай жоба Қазақстанда ешуақытта болмаған. Сол сияқты, ірі габаритті және аса ауыр жабдықтар шығаратын зауыт жұмысы да елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Дегенмен, батыс өңірінде шағын және орта бизнесті дамытуды әлі де нақты қолға алу керек, — деп Президент Атырауда таныстырылған зауыттар жұмысына оң бағасын берді.
Елбасының айтуынша, Атырауда шағын бизнестің ауқымы 8,5 пайызды құрайды. Ал, Ақтөбеде – 17, Маңғыстауда – 17,5 пайызға тең. Осыған орай, ол мұнайлы өңірде шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға ден қоюды, соның есебінен жұмыс орындары ашылатындығын баса айтты.
— Біз индустрияландырудың бірінші бесжылдығын іске асырдық, 80 мың жұмыс орнын ашып, енді қазір екінші кезеңге кірістік. Тек батыс өңірінің өзінде ғана 177 жоба іске қосылды, бірақ, соның 50 пайызы жұмыс істемейді немесе жоспарланған қуатына жеткізілмеген,-деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев елдің, соның ішінде, батыс аймағының индустриялдық-инновациялық даму барысын кеңінен баяндады. Оның айтуынша, төрт облыста Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша көлік және темір жол, энергетика салалары инфрақұрылымын дамыту жобалары да іске асып жатыр.
Қазір еліміздегі арнаулы экономикалық аймақтарда 83 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде, Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы арнаулы экономикалық аймақтарында 19 жобада сегіз мың тұрақты жұмыс орындары ашылды.
Сондай-ақ, министр Әсет Өрентайұлы индустрияландыру және экономиканы диверсификациялауға қатысты екінші бесжылдыққа жоспарланған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруда батыстағы аймақтардың атқарар рөлі зор. Өйткені, Қытай, Еуропа және Таяу Шығыспен байланыстыратын негізгі үш транзиттік дәліз осы аймақтар арқылы өтеді.
Төрт облыстағы инфрақұрылымдық жобалар қазіргі таңда он бес мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал, 2020 жылға қарай олардың саны отыз мыңға жетеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, 1400 шақырым автокөлік жолдары жаңғыртылып, порттардың қуатын жылына 25 миллион тоннаға жеткізу және аталған транзитті дәліздерді іске қосу жоспарда бар. Пайдалы қазбалар өндірушілерге салынатын салық мөлшерін азайту мәселесі де қаралуда. Бұған қоса, министр білім берудің дуальдық жүйесі төрт облыста 36 мамандық бойынша 31 колледжге енгізілгенін атап өтті.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев ағымдағы жылдың өткен сегіз айы бойынша «қара алтын» өндіруде өсім байқалатынын жеткізді.
— «Қашаған» батыс өңіріндегі аумағы үлкен ірі мұнай және газ кен орны болып табылады. Бүгінгі күні құбырларды дәнекерлеу жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл жұмыстар, шамамен, келер жылдың қыркүйек-қазан айларында аяқталады деп жоспарлануда. Содан соң мұнай өндіру жұмыстары басталады. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйесі қолға алынған, — деді басқарма төрағасы.
Президент кенді аймақтардан жерасты байлығын іздеуде белсенділік танытудың маңызды екендігін де айтты. Өйткені, үздіксіз өндірілген мұнайдың да таусылатын өлшемі, уақыты бар екендігі белгілі. Сондықтан, Мемлекет басшысы маңызды бағыт ретінде кен орындарын барлау ісін жандандырудың қажеттігін баса айтты.
— Тіпті, Теңіз бен Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарының өзі 10-15 жылдан соң кен өндірудің ең шырқау шегіне жетеді. Егер осы уақыт аралығында жаңа кен орындарына барлау жұмыстарын жасамасақ, оның салдары ауыр болады. Барлауға ең ірі халықаралық компанияларды тарту керек. Каспий маңы ойпатында әлі зерделенбеген алты-жеті мың шақырым тереңдікте үлкен мұнай қоры барын білеміз. Оның жанында тағы бірқатар кен қорлары бар. Шындығына келгенде, соңғы жылдары барлау жұмыстары өте баяу жүріп жатқаны жасырын емес. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Үкімет пен министрлікке осы салаға ден қоюды тапсырамын, — деді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы.
ӨНДІРІСТІ ӨҢІРДЕ – ӨМІРШЕҢ ІСТЕР
Жиын барысында Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының әкімдері өз аймақтарының әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндады.
Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, облыста жыл басынан бері он бір мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, еліміздің үдемелі индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында мамандар жаңа мамандықтарға машықтанып келеді.
Аймақ басшысы қазіргі уақытта облыста екі мәселеге көңіл бөлініп отырғандығын жеткізді. Оның бірі жұмыспен қамту болса, екіншісі – азық-түлік бағасын тұрақтандыру.
— Индустрияландырудың екінші бесжылдығында облыста жалпы құны 1 триллион 800 миллиард теңге тұратын он жеті жоба жүзеге асып жатыр. Оның ішінде, түйе және қой жүндерін өңдеп, дайын материалдар шығаратын Атырау тоқыма фабрикасы республикадағы ерекше жобалардың бірі болмақ. Бұл өндірісті мал шаруашылықтары қожалықтары қуана қабыл алып жатыр, — деді аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы.
Химиялық реагенттер мен полимер кәсіпорындарында да сұранысқа сай өнімдер шығарылып жатқандығын Президентке жеткізген облыс әкімі бұл жобалардың өңір экономикасын нығайтуға мол үлесі боларына сенімді екендігін жеткізді.
— Жергілікті кәсіпорындардың қызметі мен өнімін шетелдік қатысы бар мұнай компанияларына өткізу бойынша жарты триллион теңгені құрайтын меморандумдар жасақталды, — деді Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов. — Биыл облыста жергілікті қамту елу пайызға жетіп отыр. Аталған жұмыстардың аясында шағын және орта кәсіпкерлік дами түсті. Соңғы үш жылда орта және шағын бизнесте жұмыс жасайтын адамдар саны отыз пайызға өсіп, жүз мыңға жуықтады. Нәтижесінде, аймақта жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, республикадағы орташа көрсеткіштен төмен болып отыр.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу мол мүмкіндік беріп келеді. Сүт және жиырмадан астам сүт өнімдерін шығаратын екі кәсіпорынның жұмысы да қарқынды жүруде. Өнімдері тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Жылына жүз миллион жұмыртқа шығаратын екі құс фабрикасы да іске қосылғанын айтқан аймақ әкімі облыстың сұранысы толығымен жабылғандығын жеткізді. Ал, артық өнім көрші облыстарға жіберіліп отыр.
Өткен жылы ашылған тауарлы балық өндірісі өз жұмысын сапалы жалғастыруда. Жылына жүз тонна балық етін және бір тонна қара уылдырық беретін өндіріс биыл алғашқы өнімдерін халыққа ұсынбақ. Алғашында бес тонна балық өнімін өндіруден бастаған өндіріс келер жылдары оны жүз тоннаға дейін жеткізу көзделуде. Осындай екінші өндіріс Жайықтың бойында да ашылды. Облыс басшысының айтуынша, балық өнімдерінің 85 пайызы ТМД елдеріне және алыс шетелдерге экспортталуда. Нақтырақ айтсақ, былтыр 6700 тоннадан астам балық өнімі экспортқа жіберілді.
Бұдан соң Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев пен Батыс Қазақстан облысының басшысы Нұрлан Ноғаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын атап өтіп, жасалған жұмыстар жөнінде есеп берді. Ал, көршілес Ақтөбе облысының әкімдік лауазымына жуырда тағайындалған Бердібек Сапарбаев алда атқарылар жұмыстарды баяндады. Және «Ақтөбе-Атырау тас жолы құрылысының сапалы, әрі уақытылы жүруі үшін Үкіметке мемлекеттік сатып алу төңірегіндегі жұмыстар тез аяқталса» деген ұсынысын жеткізді.
Осы орайда, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстан үшін тиімді трансқұрлықтық логистикалық жоба болып саналатын «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру бастамасымен сабақтасатынын айтты.
— Бұл бағытта қазірдің өзінде аз жұмыс істелген жоқ. Бүгінде Қытайдағы Ляньюньган портындағы біздің терминалмен АТМ (Азия – Тынық мұхит) елдерінен Қазақстан арқылы Еуропаға 250 мың контейнер жіберіліп жатыр. 2020 жылға қарай ол екі еселенеді. Бұл пойыздардың жүріп өтетін жолында бизнес-құрылымдар пайда болады. Сонымен қатар, Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолының құрылысы аяқталуға таяп қалды. Бұл жоба да зор мүмкіндіктерге ие. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында батыс өңірде сомасы 345 миллиард теңге болатын жобалар жүзеге асырылады. Бірінші рет біздің елде кемелер мен паромдар құрастыратын комбинат салынуда. Ресейге шығатын Ақтөбе – Атырау, Атырау – Астрахан, Орал – Каменка автомобиль жолдары салынып жатыр. Бұл жобалардың барлығы экономикамызға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізетін болады, — деді Президент.
ТИІМДІЛІК – ІС ҰЙЫТҚЫСЫ
Ал, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз сөзінде елімізде шағын және орта бизнесті ашуға ниет білдірушілер саны жыл санап артып келе жатқанын айтты. Мәселен, өткен жарты жылда сала мамандары осы бағытта кәсіптің нәсібін көруге ден койған жүз мың шақты адамға кеңес берген. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыспен қамту, әсіресе, шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамту мәселелеріне назар аударды.
— Бұл – әлемнің барлық елдері үшін, Қазақстан үшін де елеулі міндет. Елде 20-50 адам еңбек ететін кәсіпорындардың көп болғаны маңызды. Мәселен, Германия дағдарыстан қиындықсыз өтті, өйткені, бұл елде шағын және орта бизнес кәсіпорындары көп, олар экономиканың 90 пайызын қамтамасыз етеді. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен салыстырғанда олар әлдеқайда икемді болып келеді. Егер өнімдеріне деген сұраныс азайса, сол сәтте олар басқа салаға ауысады, — деді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы аймақ басшыларын тиімсіз жұмыс істейтін және бәсекеге қабілетсіз кәсіпорындардың болашағы жоқ екенін ескеруге шақырды, индустрияландыру және инфрақұрылымдар құрылысы жөніндегі жоспарларды жаңа экономикалық жағдайды ескере отырып қайта қарауды тапсырды.
— Дағдарыс кезінде тұрақты жұмыс орындарының саны қысқарады, бұл – бүкіл әлемге тән өзекті мәселе. «Нұрлы жол» бағдарламасын әр өңірде ірі өндірістен қысқарып қалғандар үшін жұмыс орындарын ашуға бейімдеу керек деп ойлаймын. Біз мұндай тәжірибені 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде қолданғанбыз, – деген Президент бүгінде бүкіл әлем дағдарыс ықпалын сезіп отырса да, бұдан еш қорықпауға, кез келген қиындық бәрін тәртіпке келтірудің де мүмкіндігі екенін жеткізіп, бәсекеге қабілетті өнімдер шығару қажеттігін тағы да қадап айтты.
Сонымен қатар, Елбасы өз сөзінде мұнай мен газды тереңдете өңдеудің мөлшерін арттыру керектігін айтып, өндірілген ресурстардың барынша жоғары қосымша құнын қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше тоқталды.
— Атырау облысында күрделі полимерлер өндіретін мұнай өңдеу зауытын қайта құру жұмысы жүріп жатыр. Мұндай кәсіпорындардың құны бес-алты миллиард доллар болады. Қазір Қазақстанда ауқымды мұнай химиясын дамытуға негіз қалануда. Сондықтан, «Ұлттық индустриялдық мұнай химиясы технопаркі» еркін экономикалық аймағының құрылысына елеулі қаражат бөлініп жатыр. Оны тиімді игеру Үкімет пен Атырау облысы басшылығының міндеті болып саналады, — деді Мемлекет басшысы. Және мұнайды өңдеу тереңдігі Қазақстанда – 68, Ресейде – 72, Еуроодақта – 85, ал, АҚШ-та 95 пайыз болуына орай елде бұл үдеріске жаңа технологияларды енгізу қажеттігін атап көрсетті.
Мемлекет басшысы күрделі кезеңді тыныштық пен татулық жағдайында өткерудің маңыздылығын атап өтті.
— Бұдан бұрын айтқанымдай, біз ауызбіршілік болмаған кезде ғана әлсіз болдық. Егер біртұтас болатын болсақ, бәрі қолымыздан келеді. Мына қиындықтарды ынтымақпен еңсеріп, дамудың жаңа жолына шығуымыз керек, — деп Нұрсұлтан Назарбаев кеңесті қорытындылады.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.