ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕРГЕ – ҚАТАҢ ТАЛАП

Өскелең ұрпақтың діни сауатты болып, жат ағымдардың жетегінде кетпеуіне мектеп табалдырығында атқарылатын іс-шаралардың маңызы зор. Облыстық әкімдік жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында бұл мәселе жан-жақты қаралып, аймағымыздағы діни ахуал жайлы айтылды.

Өткен оқу жылында жүргізілген тексеру нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының дін жолына бейім 65 және жалпы орта білім беру ұйымдарының 196 оқушысы анықталған. Ал, биылғы жылы дінге бет бұрған оқушылар саны аталған білім беру орындарында 53, 141-ге азайып отыр. Бұл жайында мәлімдеген облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеу мақсатында тарихи-мәдени орындармен таныстыру жұмысы жүзеге асқанын да атап айтты.

Сондай-ақ, ол жаңа оқу жылы басталысымен үлкен проблемаға айналатын оқушы қыз балалардың орамал тағу мәселесін де назардан тыс қалдырмады. «Жағдайдың білім берудің зайырлы принциптеріне сәйкес келмейтіндігі анық. Осы мәселеге қатысты бүгінде ата-аналармен жұмыс жүруде»,- деді Нұрсәуле Сайлауқызы.

Бұл көкейкесті мәселеге орай кеңес отырысының төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан аталған проблемаға атүсті қарамай, ең алдымен сол орамал таққан оқушының рухани жан-дүниесімен жақындаса жұмыс жасау қажеттігін сөз етті. Шыңғыс Жұмабекұлы баламен, баланың отбасымен түсінік жұмыстарын жүргізіп, дінтану пәнінің мүмкіндігін тиімді пайдалану, мектеп психологтарының балалармен жақын тіл табысып, жүйелі жұмыс жүргізу керектігін де баса айтты.

Ал, кеңес мүшелері қараған екінші мәселеге орай  жергілікті православтық діни бірлестігінің атқаратын жұмысы жайында баяндама жасаған Атыраудағы Успен собор иерейі Михаил Соколов бүгінгі күні көптеген жастардың қайырымдылық ісімен айналысып жүргенін мақтанышпен атап өтті.

– Олар жас болғанымен уақыттарын текке өткізбей, әрдайым мұқтаж жандарға қолғабыс етуге дайын тұрады. Қаламыздағы қарттар үйіне ғана емес, туған-туысы жоқ өзге де зейнеткерлердің тұрмыстық шаруашылығына көмектеседі. Бүгінгідей қоғамда жақсылыққа жаны құмар олардың ісіне қарап еріксіз қуанасың, – деген Михаил әкей діни бірлестік мүшелері өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу бағытында да бірқатар жұмыстар атқарып жатқандығына тоқталды.

Кеңес отырысын облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қорытындылады. Облыста діни бірлестіктердің жұмысын реттеу, мектеп оқушылары арасындағы діни тәрбиені қадағалаудың және мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтаудың кейбір мәселелерін жетілдіру міндеттерін атап көрсетті. Тиісті ұйымдарға нақты тапсырмалар берді.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз