Бірлескен іс берекелі болмақ
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары құзырлы органдарда жауапкершілікпен жүзеге асуы тиіс. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкеновтың төрағалығымен өткен басқосуда бұл мәселе кеңінен талқыға түсті.
Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінің қатысқан жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нығметжан Сапаров қауіпті құбылыстың алдын алуда бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Ұлттық бюроның тергеушісі Нұрбек Даумов жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу нәтижесінде қылмыстың әшкереленгенін айтты. Белгілі болғанындай, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысымен бірнеше рет қорқыту жолымен пара алу, ал, аталған басқарманың бөлім басшысымен қызмет бабын пайдаланып алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін иемдену деректері анықталған. Тергеу нәтижесінде басқармадағы мемлекеттік қызмет көрсету барысында кез келген жолмен заңнама талаптары бұзылғаны бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелділігін тудыратындығы белгілі болды.
Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Мәлік Кариевтың мәлімдеуінше, биылғы 8 айда мелекеттік органдарда сыртқы талдау жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталған. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көп жағдайда ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметте жиі кездесетін болып шықты. Жалпы, лауазымды тұлғалармен қызметкерлерге сыйақы тағайындау барысында да артықшылықтарға жол беру фактілері кездескен. Мәселен, қалалық сәулет, қала құрылыс бөлімінде сынақ мерзімінде жүрген немесе тәртіптік жазасы бар қызметкерлерге 1 миллион теңгеге жуық сыйақы берілген екен.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары қарқынды жүргізілсе де, мемлекеттік органдарының лауазымды тұлғаларының құқық бұзушылықпен құрықталу фактісі азаймай отыр. Атап айтқанда, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бөлім басшысының орынбасары, «АтырауСуАрнасы» және «АрнаулыАвтоБаза» мекемелерінің басшыларына пара алу фактісі бойынша қылмысқтық істер қозғалған.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА