Жарнама
Жаңалықтар

Бірлескен іс берекелі

Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Нидерланд Корольдігінің Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан Республикаларындағы төтенше және өкілетті елшісі Дирк Ян Копты қабылдады.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba

Аймақ басшысы кездесу барысында елшіні жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтады. Айта кетсек, Дирк Ян Коп ағымдағы жылдың 1-тамызынан бастап еліміздегі елші қызметін атқаруда.

— Сізге жүктелген елшілік міндеттер Нидерланд Корольдігі мен Қазақстан Республикасы арасындағы әлеуметтік-экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынастарды одан әрі жақсарта түседі деген сенімдеміз, — деді аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы.

Қазіргі таңда екі елдің қатысуымен Атырау облысында сексеннен астам біріккен кәсіпорын жұмыс жасауда. Кедендік статистиканың мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Атырау облысы мен Нидерланд Корольдігінің ішкі сауда айналымы 1,5 миллиард долларды құрады. Атап айтсақ, 1,4 миллард долларды құрайтын өнім экспортталса, ал, импорт көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс-тырғанда екі есе артып отыр (0,03 миллиард доллар — ред.).

Нидерландта ауыл шаруашылығы маңызды, әрі жоғары қарқынды сала болып саналады. Ел аумағының 56 пайызы – ауыл шаруашылығы жерлері. Өнімнің сексен пайыздан астамы Еуродаққа мүше елдерге экспортталады.

Елшінің айтуынша, Нидерландтың Қазақстанға да коммерциялық қызығушылығы басым. Соның ішінде Алматы және Атырау өңірлерімен жан-жақты байланыс орнатуды көздеп отыр.

— Қазақстанның әлемдік қауымдастықта алар орнын жақсы білеміз.  Сапарым барысында осы өңірде қызмет жасайтын  голландиялық компаниялар өкілдерімен де кездестім. Байқағаным, Атырауда 15-20 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан голландиялық компаниялар бар екен. Олар жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдауды сезініп, жұмыс жасауға үлкен мүмкіндіктер бар екенін айтты, — деп, елші ризашылық сезімін білдірді.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Елбасы инвесторларды тартуды, оларға барлық  жағдай жасауды тапсырғандығын жеткізді.

— Бұл бағытта нақты тапсырмалар мен алда тұрған міндеттер бар. Бірлескен істің берекесі болады. Сондықтан, қолдау білдіруге дайынбыз. Инвесторларға да өз тараптарымыздан жергі-лікті халықты жұмыспен қамтуға, өңірге заманауи технологияларды тартуға  бағытталған үлкен жауапкершілік жүктеп отырмыз, — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Айгүл Ертілеу

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button