dsc 0093 scaled

Атырауға қонаққа келіп миокард инфарктісін алған азамат ажалдан аман қалды

Жаңалықтар Медицина

Atr.kz/4 наурыз, 2020 жыл. Жуырда жедел жәрдемшілер Жылыой ауданынан Атырау қаласына қонаққа келіп, аяқ астынан миокард инфарктісін алған азаматқа дер кезінде көмек көрсетіп, өмірін  сақтап қалды.

«103» пультіне 28 ақпан күні сағатта 20:26-да Нұрсая ықшамауданынан шақырту түседі. Шағымданушы азамат 57 жастағы әкесінің кенеттен жүрегі қысылып жатқанын айтады. Қоңырауды қабылдаған диспетчер №1 арнайы мамандандырылған кардиологиялық бригадаға шұғыл шақырту жібереді. Жедел жәрдемшілер көрсетілген мекен-жайға бес минутта жетті.

Сала мамандарының жедел медициналық тексеріс жүргізуі барысында науқас есінен танып қалады.  Осынау сәтте бригада жүргізушісі Руслан Қазмағанов та қарап тұрмай, дәрігер Лаура Жанысбаева және фельдшер Айгерім Төлеуішовамен бірігіп, жүрек-өкпе реанимациясын жасайды.

«Жәрдемшілердің бұл алғашқы көмегі өте сәтті жүргізіліп, науқас есін жиып қалыпқа келеді. Кардиолог-дәрігер миокард инфарктісі диагнозын қойып, оны облыстық кардиологиялық орталыққа жеткізеді.  Сырқатты қабылдап алған ақ халаттылар одан әрі жан-жақты медициналық  тексерістен өткізіп, жан сақтау бөліміне қабылдады. Жүйелі жүргізілген ем-шаралардың нәтижесінде қазір оның жағдайы жақсарып,  палатаға шығарылды» дейді облыстық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева.

Айта кету керек, облыста жыл басынан бері жедел жәрдемшілер осындай бес клиникалық өлімнің алдын алыпты. Бұл сала мамандарының өз ісіне аса жауапкершілікпен қарап, тәжірибесінің артқандығын көрсетеді.            

Ақ халаттылардың айтуынша, бүгінде жүрек ауруларының саны көбейген. Сондықтан, жәдел жәрдемшілер де бұл бағыттағы біліктіліктерін одан әрі арттырудан кенде емес. Қазіргі уақытта облыстық жедел жәрдем стансасында жас мамандарды Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының қызметкерлері халықаралық стандарттар бойынша оқытуда. Сондай-ақ, кардиологиялық бригаданың қызметкерлерін  шетелге оқыту жұмыстары жоспарланыпты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған