БІР ЖЫЛДЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДІ
Елімізде қоғамдық кеңестер Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған болатын. Атырау облысындағы құрылымға өңірге белгілі азаматтар, депутаттар, қоғам қайраткерлері еніп отыр. Алғашқы жұмысын облыс әкімінің есебін тыңдаудан бастаған қоғамдық кеңестің маңызын аймақ басшысы да атап айтты.
Өткен жылы жүзеге асқан жұмыстарды саралаған облыс әкімі алдағы жоспарларымен де бөлісті. Өркенді өзгерістерге облыстық қоғамдық кеңес мүшелері де тоқталып, облыс басшысының қызметіне жоғары баға берді.
– Облыста жасалған жұмыс аз емес. Мұның бәрін халық көріп-біліп отыр, сондықтан оны оң бағалауға болады. Ел алдына шыққан әр тұлға бұл жұмыстарды көпшілікке кеңінен жеткізіп отырса деген тілек айтамын, — деді кеңес мүшелері атынан сөз алған еңбек ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Әнес Бисенов.
Жиын соңында әкім есебі мақұлданып, облыстық актив алдында қаралуға ұсыныс берілді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.