Бір күнде Жайық жағасынан 100 тоннаға жуық қоқыс жиналды (+ФОТО)
Atr.kz/1 сәуір, 2019 жыл. Атыраудағы сенбілік кезінде Жайық жағасынан 100 тоннаға жуық қоқыс жиналды.
Жалпы қалалық сенбілікке бір жарым мыңға жуық қала тұрыны қатысты, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Атырауда екі айлық қаланы санитарлық тазалау жұмыстары жалғасуда. Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттұмұратұлының тапсырмасымен 30 наурыз күні жалпы қалалық сенбілік Жайық өзенінің жағасында өтті.
Қаланың Азия мен Еуропа бөлігі мен қала маңындағы ауылдық округтер 10 участкіге бөлінді. Олардың әрқайсысынд белігілі бір ұйым ұжымы бекітілді. Жалпы қалалық сенбілікке барлығы бір жарым мыңға жуық қала тұрғыны мен «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің 310 жұмысшысы қатысты.
— Барлық жиналған қоқыс «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің жұмысшыларымен жедел түрде қоқыс полигонына жеткізілді. Бұл жұмыстарға 6 аударғыш жүк көлігі, 10 трактор жұмылдырылды және қалалық ұйымдар көмекке қосымша 3 аударғыш жүк көлігі мен бір жүк көтергіш-манипулятор бөлді. Бұл күні барлығы 99 679 келі қоқыс жиналды, бұл 717,1 куб метрді құрайды,- дейді «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің директоры Алмас Ізтілеуов.
Айта кетейік, қаланы екі айлық санитарлық тазалау 16 мамырға дейін жалғасады. Сәуір айынан бастап жалпы қалалық сенбілік кезінде ағаштар отырғызу жұмыстары басталады.