Жарнама
Жаңалықтар

Білім беру мекемелеріндегі тамақтану нысандарын бақылау тәсілдері өзгереді

Маңғыстау облысында оқушылардың жаппай улану фактісі білім беру мекемелеріндегі тамақтану сапасына мемлекеттік бақылау тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажеттігін көрсетті. Осы жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі балалар болатын нысандарды бақылау мен тексерудің жаңа әдістерін әзірледі. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа тәсілдерге балалар болатын білім беру нысандарына ерекше мәртебе беру, тексерулер туралы алдын ала хабарлауды алып тастау, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестікті бақылау үшін тұрақты мониторингтік сапарларды енгізу бағытында жүргізіледі.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, қазір қолданыстағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің нормалары барлық білім беру ұйымдарын толық қамтып, тұрақты мемлекеттік бақылау жүргізуге мүмкіндік бермей отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, мектеп асханаларындағы балалардың топтық улану фактілеріне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі мен Бас прокуратура бірлесіп Маңғыстау облысының білім беру мекемелерінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізуде.

-Өңірде тексеру үшін 72 нысан айқындалды. Бүгінгі таңда олардың 14-і — мектеп асханалары жоспардан тыс тексерілді. Сонымен қатар оқушылардың улану оқиғаларын тергеп-тексеру және мектептердегі тамақтанудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Оқу-ағарту министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Бас прокуратура және өзге де мүдделі органдардың өкілдері енгізілді. Денсаулық сақтау министрлігінен ведомствоаралық топқа Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері және ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының» мамандары кірді, — делінген баспасөз хабарламасында.

Жаңадан әзірленген тәсілдер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және болашақта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында жүзеге асырылады.

А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button