Жарнама
Жаңалықтар

БЕРЕКЕ-БІРЛІКТІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

— Отбасы – қоғамның іргетасы. Отбасылық құндылықтар – баға жетпес байлығымыз. Сондықтан да, Елбасымыз, мемлекетіміз бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп келеді.

Елбасының Қазақстандағы әр отбасының жан-жақты қалыптасуына жағдай жасап, оның беделін арттыру мақсатында берген тапсырмалары аясында  «Отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары» бекітіліп жүзеге асырылуда, — деген Айгүл Теміртасқызы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан шара қонақтарына отбасылық бақыт тіледі.

Өткен жылы Мемлекет басшысының қатысуымен өткізілген алғашқы «Мерейлі отбасы»  конкурсына  Жылыой  ауданынан Бешімовтер отбасы аттанып, Елбасының  қолынан  отандық автокөлікті сыйға алып келген болатын. Сол сәттен бері дәстүрге айналған шара ағымдағы жылы да ұлттық конкурс деңгейінде жалғасты. Оның  облыстық кезеңіне 84 отбасы қатысып, олардың ішінен жеңімпаз атанған он алты жанұя марапатталды.  Ал, облыста жеңімпаз болып танылған Мақат ауданының тумалары – Қанатбаевтар отбасы жақында Елордада өткен республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып  қайтты.

—  Мемлекеттің іргетасы  үлгілі шаңырақтан басталады. Өздеріңізге белгілі, Ел Президентінің Жарлығына сәйкес, 2013 жылдан бастап қыркүйектің екінші жексенбісі «Қазақстандағы Отбасы күні» болып белгіленді. Бүгінде отбасы күні ерекше мереке деңгейіне жетті. Мұндай игілікті істердің астарында көп балалы шаңырақтарды өскелең ұрпаққа насихаттау жатыр. Бұл – қоғамға аса қажет, әрі ұрпақ үшін ұлағатты шара , — деген Жеңіс Қанатбаев  облыс басшыларына алғысын білдірді. Жанұясындағы ізгі қасиеттерімен және игі жақсылықтарымен бөлісті.

Жанұя – сыйластық пен жарасымдылық орнаған орта, шағын ғана мемлекет. Оның берік болуы ата-ананың ынтымағы мен балаларына берген өнегелі тәрбиесіне байланысты. Сонысымен де өзгелерге үлгі болмақ. Осындай жанұялардың бірегейі индерлік Сахиевтер әулеті. Еңбек ардагері Кеңес Сахиұлы:   «Ең бастысы – еңбек және  адамгершілік қасиет. Осы екі қасиет болса,  отбасында бақыт болады» дейді.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Атырау жол бөлімшесі филиалының кәсіподақ ұйымының төрағасы Орынбасар Райсов «Бала ата-анадан үлгі алуы керек. Отбасында қазақтың салт-дәстүрін сақтаудың маңызы зор. Үлкенді сыйлап үйренген бала жаман болмайды» — деді.

Ал, «Алтын алқа» иегері Дүзел Жүнісова бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі артықшылықтар мен кемшіліктерге тоқталды. — Ұлттың болашағы – сонау бесіктен қалыптасады. Қай ел болмасын, барлық тәрбиені отбасынан қалыптастырады. Мәңгілік ел болу үшін – алдымен әрқайсымыз өнегелі отбасы болуымыз, салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғыруы керек. Тіліміз өркендеуі тиіс. Сонда ғана біз өнегелі ұлт, Мәңгілік ел боламыз, — деді.

Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Халқымыз әкені асқар тауға балаған. Ешқашан алдын кесіп өтпеген. «Жұмақ – ананың аяғының астында» деп анасын сыйлаған. «Бала – бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Кездесуде де Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Зелимхан Зубариев отбасындағы ғана емес, елдегі халықтардың достығы, исатайлық Салауат Меңдіғазиев  қоғам  дамуындағы отбасының рөлі, Қызылқоға ауданынан келген Жайлау Таласов жастарды патриоттық тәрбиеге баулу турасындағы ойларын ортаға салды. Ал, зейнеткер Күләш Аймашева бүгінгі таңда мемлекет тарапынан отбасы бизнесін дамытуға үлкен көңіл бөлініп отырғанына тоқталды. Жеті бала тәрбиелеп отырған  әке Әлібек Ермекқали  көп балалы жас отбасылар санының көбейіп келе жатқанына қуанышын білдірді.  Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева Ә.Ермекқалидың жұбайы Жанна Ермекқалиға  Елбасының Жарлығына сәйкес «Алтын алқа» төсбелгісін табыс етті.

Одан әрі облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері Нұрлы Әйтиева мен Тамара  Аман-Турлина мәртебелі меймандарға жанұя жылулығын, ұрпақ қызығын көруді тіледі.

Емен-жарқын пікір алмасып, жылы шыраймен өткен кездесу соңынан мерейлі жанұяларға облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының атынан естелік сыйлықтар мен гүл шоғы табыс етілді. Бұл күні аяулы аналардың жүзі нұрға бөленіп, ардақты әкелердің мәртебесі асқақтады.   

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button