Бензин бағасы қашан тұрақтайды?
Республикадағы жанармай тапшылығына байланысты жағдайдың әбден ушыққаны соншалық, энергетика министрі Қанат Бозымбаев Елбасы тарапынан сөгіс алды. Оның орынбасары Әсет Мағауов Премьер-Министрдің пәрменімен қызметінен кетті.
Алайда, осы қатаң шаралар еліміздің жанармай нарығында қалыптасқан жағдайды жақсартуға оң әсер ете ме? Аталмыш проблеманы жақында Парламент Сенатында сенатор Ғұмар Дүйсембаев тағы көтерді. Оған жауап берген энергетика министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиев Ресейден тағы біраз бензин сатып алынғанын айтты.
Оның түсіндіруінше, осы орайда отандық мұнайшылар шығын шегіп жатқан секілді. Әрі келешекте АИ-92 бензинінің бағасы 165 теңгеге жететіні болжанып отыр.
Жалпы, Мемлекет басшысы қадап айтқанындай, Энергетика министрлігі ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз етуге міндетті. Қазіргі тапшылық осы құрылым қызметінің сапасыздығын, оның маңызды іске немқұрайлылық танытқанын көрсетеді. Өйткені, биылғы мамырда-ақ күзде республикадағы үш зауыттың екеуі күрделі жөндеуге тоқтайтыны белгілі болған-ды. Бұл – бұған дейін де айтылып жүргеніндей, әр жылы қайталанатын құбылыс. Демек, бұрынғы орын алған олқылықтардан сабақ алынып, ішкі сұраныс жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс-ті. Осы орайда күрделі жөндеу жұмыстары мерзімін Энергетика министрлігімен келіскен зауыттардың басшылығы қажетті қор жасақталғанын да айтқан.
Өкінішке қарай, бәрі керісінше шықты. Ілгергі жылдардың іркілісі бұл жолы да қайталанды.
Жалпы, республикада жанармай тапшылығы әуелден-ақ сезілетін.
Бұрын да қажеттіліктің 30 пайызы Ресейден жеткізілетін өніммен өтелетін. Ал, бұл жолы оның көлемі елуге дейін жетті. Ендеше, мұндай тәуелділіктен қалай құтылуға болады? Рас, қарашада Павлодар зауыты күрделі жөндеуден соң қатарға қосылады. Желтоқсанда Атыраудағы зауытта шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасы мәреге жетеді. Келешекте жаңғырту жұмыстары Шымкент зауытында қолға алынады.
Ал, сол кезде жанармай тапшылығы жойыла ма? Немесе оның бағасы арзандай ма? Үкімет отырысында Премьер-Министр Бағытжан Сағынтаев осы сауалдарды ортаға салған-ды. Өкінішке қарай, тұшымды жауап алынбады. Рас, оның да себебі бар. Өйткені, бүгінде жанармайдың барлық түрінің нарықтағы бағасына мемлекеттік реттеу алынып тасталды.
Энергетика министрлігінің басшылығы мұны Ресейдегі бензин бағасының қымбаттығымен, біздің өнімімізді көршілер арзанға тұтынып жатқандығымен түсіндірді. Үкімет бұл бастамамен келісті. Алайда, ахуал содан соң да оңалмады. Міне, әлі күнге реттелмей келеді.
Жалпы, «Эйр-Астана» компаниясы басшылығының айтуынша, Қазақстанға 70 пайыз авиакеросин сырттан жеткізіледі екен.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, республикадағы зауыттар жаңғыртылған соң бұл қажеттілік өзімізде өтелетіндігін мәлімдейді. Оның үстіне, жоғары октанды бензин де молынан өндірілмекші. Әзірге уәде – осы. Бірақ, бағасы ше?
Біріншіден, аса қымбат жобаларға көп көлемде қаражат жұмсалды. Соның дені – қарызға келген қаржы. Демек, қайтарылуы қажет.
Ал, өнімді арзанға сатсаң, борышыңды өтейтін ақшаны қайдан табасың?
Екіншіден, мамандардың пікірінше, жаңғырту шараларынан соң алынатын өнім әлемдік талаптарға сай сапалы болмақшы. Ал, жақсы нәрсенің құны да көтеріңкі.
Міне, келешекте өзімізден өндірілетін жанармайдың қымбат болу ықтималдығы сондықтан. Ал, қазіргі көршілерге тәуелділік бензин бағасын тіпті шарықтатты.
Байырғы әріптес саналғанымен, Ресей біздің мұқтаж күйімізді өзі үшін барынша тиімді пайдаланып отыр. Бұл – нарықтың қатаң заңы.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз-Өнімдері» акционерлік қоғамы бас директорының операциялық бағыт жөніндегі орынбасары Нұркен Мырзағалиев, 10 қазаннан бастап Ресейден жанармай тасымалданатыны жөнінде айтқан-ды. Осы орайда АИ-92 бензинінің болжамды бағасы әр литрге 155-157 теңге болатындығы да мәлімделген.
Әзірге сол деңгей ұсталып отыр. Әйтсе де, ұзаққа бармасы тағы анық. Өйткені, жыл басынан бері оның құны 9,4 пайызға көтерілді.
Мәселен, қаңтарда АИ-92 бензинінің әр литрі 135 теңгеден сатылса, қыркүйекте 150-ге шарықтады. Ал, қазіргі баға одан да жоғары. Тағы бір қиындық – ресейлік кәсіпкерлермен төлемнің доллармен жүргізілуі. Оның теңгеге шаққандағы бағамы биылғы мамырдан бері сегіз пайызға өсті.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қандай? Қазіргіден де қарымды нақты шара алынбаса, жанармай нарығындағы жағдай оңалмайды. Өйткені, қолданыстағы заңдылықтардың кейбір олқы тұстары көлеңкелі бизнеске жол ашады. Бензин саудасында жасырын ойыншылар пайда болуы ықтималдығын сарапшылар айтып жатыр. Демек, алдымен, құқық қорғау органдарын жұмылдырған жөн. Ілгергі жылдары жең ұшынан жалғасып, жанармай бағасын қасақана қымбаттату деректері орын алды.
Содан соң, ішкі нарықты қорғайтын тетік керек. Өзімізде жетпейтін бензинді Ресейден аламыз, ал, оны Қазақстан арқылы әрі-бері өткен сол елдің жүк көліктері тауысады.
Қаншама әріптес делінгенімен, әркім өз мүддесін ойламас па? Осы орайда Еуразиялық одақтың өзге мүшелері өзара қандай қарым-қатынас орнатып жатыр? Оны да сараптаған артық болмас еді.
Қорыта айтқанда, республикаға тағы бір мұнай өңдеу зауытын тұрғызу қажеттігі туды. Бұл – тосын жаңалық емес. Бұдан он шақты жыл бұрын осындай бастама көтерілген.
Нысанды қай облыста орналастыру қажеттігі де талқыға түскен. Бірақ, аяқсыз қалды. Сол кездегі Мұнай және газ министрлігі бұл шаруаға көп қаражат керектігін алға тартып, қазіргі зауыттарды жаңғыртумен шектелуді ұсынған. Мүмкін, сол кезде күрделі құрылысты бастап кеткенде, бүгінгідей тапшылық болмас па еді?..
P.S. Қысқасы, қайткенде де тығырықтан шығатын пәрменді шара керек. Сең соққан қайықтай қазіргі тірлік жағдайды жақсартпайды. Осы шаруаны үйлестіре алмаған энергетика министрі Қанат Бозымбаев сөгіспен шектеле ме, әлде одан да қатаң жазаға тартыла ма? Елбасы тұжырымдағандай, сөгіс алу – қызметтен кетумен пара-пар. Бірақ, бұл лауазымға өзге адам келгенімен, ахуал айыға ма? Басқаша айтқанда, қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосынды өзгере ме?
Меңдібай СҮМЕСІНОВ