Жарнама
Жаңалықтар

”BelYes”: Атырауда инклюзивті кофехана ашылды

Атырауда алғаш рет ерекше жасөспірімдер қызмет көрсететін жаңа инклюзивті “BelYes” кофеханасы ашылды.

“Зейін-Атырау” ерекше балаларды дамытуға арналған орталық жанынан ашылған кофехананың салтанатты ашылуына қоғамдық бірлестік өкілдері мен ата-аналар қатысты.

e9573f33 53fc 48e2 8142 24f61edfcc85

Жаңа нысанның лентасын «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева мен ТШО компаниясының мүдделі тараптармен байланыс жөніндегі менеджері Ботагөз Құлшаева қиды.

– Біздің қор “Зейін-Атырау” ерекше балаларды дамыту орталығына әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Орталықтың негізін қалаушы Арайлым Нұғыманова көзі тірісінде Америка сапарларынан алған әсерлерімен бөлісіп, инклюзивті кофехананы іске асыруды армандайтынын айтушы еді. Бүгінде өзі арамызда болмаса да, оның жоспары сәтті жүзеге асып жатқанына қуаныштымыз. Бұл орын кеңейіп, болашақта жүздеген ерекше бала қызмет көрсететін, оларды қоғамға бейімдейтін үлкен ортаға айналсын! Осы жолда біз де қолдау көрсете береміз. Орталықтың негізін қалаушылардың есімдері мәңгілік есте сақталсын, — деді Альфия Дәулетқалиқызы.

7ee4d933 771e 412c 9cdd f37a6bfadcfa 1

Айта кету керек, аталған ерекше балаларды дамыту орталығының дамуына “ТШО”компаниясының “Жарқыра” жобасы да үлкен үлес қосты. Жиын барысында компания өкілі Ботагөз Құлшаева да сөз сөйлеп, бүгінде қоғамда ерекше қажеттіліктері бар жандарды қолдау басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ қолға алынып жатқан осындай игі бастамаларды қолдаудың маңыздылығын жеткізді.

19b1e040 0c33 425d adc3 14d8d6acca8c

Ал орталық жетекшісі Әнуар Бегісбаевтың айтуынша, жаңадан ашылған инклюзивті кофеханада қазір екі жасөспірім қызмет етеді. Олар келушілерге дайындалған кофені ұсынып, даяшылық қызметін атқаруда. Жалпы “Белес” жобасы аясында он жасөспірім арнайы оқытудан өтіп жатыр. Олар алдағы уақытта кофехананың басқа да қызметтерін біртіндеп өздері атқаратын болады. Сонымен қатар бұл жерде ерекше балалардың қолынан шыққан тәттілер мен қолөнер бұйымдары келушілерге ұсынылады.

– Бұл орын ерекше қажеттіліктері бар балаларға жұмыс орнын ұсынып, олардың қоғаммен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді. “BelYes” кофеханасында қызмет ететін әр бала өз талантын көрсетіп, жұмыс тәжірибесін жинақтайды. Бұл бастама қоғамның инклюзия қағидаларын қолдай отырып, ерекше балалардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. “BelYes” кофеханасы – әр баланың әлеуетін ашуға, өзін-өзі дамытуға және ортасында белсенді болуына мүмкіндік беретін орын. Мұнда 15 адамға дейін қызмет көрсетіледі. Мен бүгінде марқұм жездем мен әпкем — Нұрболат Нәсіпқалиұлы мен Арайлым Бағытжақызының армандарын сәтті іске асырғанымызға қуаныштымын, – деді Әнуар Бегісбаев.

2477094a ffaf 4f3c 8cd3 a744523eefd3

Басқосуда ерекше балалардың ата-аналары атынан Назерке Досқалиева сөз сөйлеп, 17 жасар қызы Айарудың осы кофеханада жұмыс істейтініне ризашылық білдірді.

48bc253c a63f 4db4 8c76 6bbdad18ebb6

Айта кету керек, расымен де “Белес” инклюзивті кофеханасы “Зейін-Атырау” ерекше балаларды дамыту орталығының негізін қалаушы Арайлым Нұғыманованың басты жоспарларының бірі болатын. Ол көзі тірісінде АҚШ-қа барып, осы саланы егжей-тегжейлі зерттеп, жинақтаған тәжірибесін жүзеге асыру үшін нақты қадамдарын да құрған еді. Бүгінде оның жүзеге асырып үлгере алмаған бұл мақсатын орталықтың жұмысын жалғастырып жатқан Әнуар Бағытжанұлы орындады. Алдағы уақытта “Белес” жобасы өміршең болып жалғасын таба берсін демекпіз.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button