«Белсенді үкіметтік емес ұйымдар» жобасы Махамбет ауданында

roldzh Жаңалықтар

Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының «Азаматтық орталығы» белсенді үкіметтік емес ұйымдарының іс-тәжірибесін тарату мақсатында Махамбет ауданындағы ҮЕҰ үшін семинар-тренинг ұйымдастырды.

Бүгінде Атырау облысында 752 үкіметтік емес ұйым тіркелгенмен оның 190-ы белсенді қызмет етеді. Азаматтық орталық үкіметтік емес ұйымдарға тұрақты түрде кеңес беріп келеді. Орталықтың уақытылы ақпараттандырып, әдістемелік қолдау көрсетуінің нәтижесінде үкіметтік емес ұйымдар жобаларына тартылған гранттық қаражат 2020 жылы 94 миллион теңгеге жуық, 2021 жылы 40 миллион теңге құраса, 2022 жылы 208 миллион теңгені құрады. Гранттық қолдау көрсететін ірі ұйымдардың қатарына «Теңізшевройл», «Samruk-Kazyna Trust», «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» жатады.

Гранттық қолдау тапқан ҮЕҰ жобаларының басым бөлігі инклюзиялық білім беру, экологиялық және халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, отбасылық демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу бағыттарында жүзеге асуда – дейді Азаматтық орталық басшысы Жаннат Досқалиева.

Орталықтың тұрақты жобаларының бірі «Үкіметтік емес ұйым мектебі» жобасы. Жоба аясында қала және аудандарда үкіметтік емес ұйым өкілдеріне тренингтер өткізілді. Тренингке барлығы 200-ге жуық адам қатысты. Өткен жылы Атырау облысындағы үкіметтік емес ұйымдардың өзара жұмыстарын таныстыру және іс-тәжірбие алмасу мақсатында «Белсенді үкіметтік емес ұйымдар ауданда» жобасы жүзеге асырылды.

Үкіметтік емес ұйымдардың бір-бірімен қарым қатынасын  нығайту, көшбасшылық қабілетін қалыптастыру мақсатында орталықтың ұйымдастыруымен екі күндік семинар-тренинг өтті. 40–қа жуық Үкіметтік емес ұйымдарына «теориялық-практикалық сабақтар өткізілді.

Осы жолы Махамбет ауданында өткен семинар –тренингте белсенді ҮЕҰ жетекшілері өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиев «ҮЕҰ-дың тұрақты даму мақсаттары» тақырыбында, «Оңалтудағы инновациялық технологиялар – биорезонанстық зерттеу, биорезонансты терапия; ультрафонофорез, лазерлік терапияны оңалтудың кешенді бағдарламасында қолдану» тақырыбында «Болашақ К» қоғамдық қорының жоғары санатты дәрігер-невролог, дәрігер-реабилитолог, нейрореабилитолог маманы Нұрша Рысақова баяндама жасады.

Кездесу барысында Махамбет ауданының азаматтық қоғамды қалыптастыруға белсенділік танытқан тұрғындары көкейдегі сауалдарын қойып, жауаптарын ала алды. Сондай-ақ ҮЕҰ қызмет ететін логопед-дефектолог, невролог тағы да басқа білікті мамандар ерекше балаларды қабылдап,  жұмыстар жүргізді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз