
«Бекіре-2025»: Ертең республикалық акция басталады
Биылғы 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2025» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.

*Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ
Оның айтуынша, жыл сайын бағалы балық түрлерінің уылдырық шашу кезеңінде табиғат қорғау және құқық қорғау органдарының қызметкерлері балықтардың, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу орындарына көшуін қамтамасыз ету мақсатында заңсыз аулану мен айналымына қарсы іс-қимыл бойынша күш біріктіреді. Балық қорғау іс-шараларының тиімділігін арттыру үшін Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер министрлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының «Бекіре-2025» балық қорғау акциясын өткізу туралы бірлескен бұйрығына қол қойылды.
– Осы бұйрықпен балық қорғау акциясын өткізу кезінде құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ акция кезінде бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Үйлестіру штабына басшылық жасау Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетіне жүктелген. Акция аясында браконьерлік фактілері орын алуы ықтимал жерлерде жылжымалы бекеттер мен мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылды. Бұл ретте негізгі күштер мен құралдар Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында және Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістігінде шоғырланды. Сонымен қатар, акция кезеңінде әуежайларда, вокзалдарда және автотрассаларда балық өнімдерін ел аумағынан тыс жерлерге әкетуге, яғни заңсыз тасымалдауға бақылау күшейтіліп, тосқауыл қойылады, – деді Серік Сағытжанұлы.
Баяндалғандай, акцияға республиканың батыс аймағындағы табиғат қорғау және құқық қорғау органдарының 1500-ге жуық қызметкері (оның 604-і Атырау, 222-сі Батыс Қазақстан және 640-ы Маңғыстау облысынан) жұмылдырылса, Жайық-Каспий бассейніндегі браконьерлік әрекеттерді болдырмау шараларына 300-ге жуық автокөлік пен квадроцикл, 84 қайық пен шағын көлемді кеме, 6 ұшу аппараты және басқа да техникалық құралдар тартылды. Одан бөлек, Атырау облысы бойынша 18 бақылау бекеті (оның жетеуі стационарлық және 11-і жылжымалы), жедел жағдайға байланысты Жайық-Каспий бассейнінде бір мобильді топ құрылды. Бұл шаралар қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесін ескере отырып, балық ресурстары мен басқа да су жануарларының табиғи популяциясын сақтауға бағытталған.
Өткен жылғы балық қорғау акциясының нәтижелерін сараласақ, барлығы 945 табиғат қорғау заңнамасын бұзу дерегі анықталып, 694 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған, 71 қылмыстық іс тіркелген. Кінәлі деп танылғандарға жалпы сомасы 19,4 млн теңге айыппұл салынған. Браконьерлерден заңсыз ауланған 11,3 тонна (оның ішінде 2,2 тоннадан астамы бекіре тұқымдас) балық, 8,3 келі бағалы балықтың уылдырығы, 44 жүзу құралы және 1 578 балық аулау құралы тәркіленген.
Күн тәртібіндегі мәселеге орай Атырау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Нұрлыбек Қанатов, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі департаменті бастығының Атырау облысы бойынша бірінші орынбасары – штаб бастығы Айдос Қиқабаев қосымша хабарлама жасады. Брифинг соңында спикерлер журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Дәулетқали АРУЕВ