М Е Д Б И К Е

img 20200629 wa0030 COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/24 шілде, 2020 жыл. Адамның парқын түсініп, танып- білудің өзі оңай емес. Сырттай қарап отырып кейбір жандардың іс-әрекетіне іштей елжірейсің. Көп жағдайда адамгершілік қасиет, қайырым мен мейірім басыңа күн түскенде аңғарылады.

 Мына қатерлі індет көп адамның жасан­ды бетпердесін шешіп, кімнің қолынан не келетіндігін аңғартты. Істің адамдары мылтықсыз майданға тікелей кірісіп кетсе, қоғам белсенділері қара халықтың қамы үшін шапқылаумен жүр. Арамыздан бос сөз қуарлар да табылып, неше түрлі өсек-аяң та­ратып, бағытымыздан шатастырды. Бұқара халықты үрей мен күдік жайлағанда, шыдам мен төзім сабырға шақырып, үміт пен арман алға жетеледі. Бүгінгі күні адамзатқа керегі өмір, денсаулық екендігі білініп, шіркін-ай, бір үйге бір дәрігерден болса деп аңсады. Дәрігердің мәртебесі көтеріліп, тіршілікке ең қажетті маман екендігі дәлелденді.

Қарындасым Күнсұлу Сатыбалдықызы Атырау медициналық училищесін 1997 жылы бітіргеннен кейін 3 жыл­дай аудандық ауруханада медбикелік қызмет атқарды. Өз ісіне мұқият, жұмысы тиянақты, білікті маманды басшылары Атырау облыстық орталық ауруханасына жұмысқа шақыртты. Өткен өміріне ой жүгіртсем, содан бері үздіксіз 30 жыл өңір жұртшылығының денсаулығын сақтауда аянбай тер төгіп келеді екен. Күндер өте келе өз мамандығының қыр-сырына жетілгеннен кейін қиындығы мен қуанышы қатар жүретін сүйікті ісіне айналды. Әр- кім жұмысты өзі үшін жасай отырып, айналасына қанша пайда әкелгенін жіпке тізіп есептей бермейді. Осы уақыт ішінде қаншама жанның батасын алып, қаншама науқас дертінен айықты.

Жұмысы көп, еңбекақысы мардымсыз бо­лып, көңілсіз жүрген кездері де болды. Басқа жұмысқа ауысуға, жеке кәсіп ашуға талай кеңес бердім. Алайда, қанша қиналса да жүрек қалауымен таңдаған мамандығынан, өзі сеніммен атқаратын ісінен ауытқымады. Бар күш-қайратын, жалынды жастығын осы салаға арнады. Ең бастысы, осы саланың кәсіби маманы атанып, ортаға танылды. Жақсы атымен шақыртулар бойынша қалаған жұмыс орнына орналасты.

Елімізге қатерлі індет кіріп, бар а у ы р т п а л ы қ м е д и ц и н а с а л а с ы қызметкерлеріне түскенде Күнсұлу Сатыбалдықызы да білекті сыбанып, маңдай терді сыпыра қызметке кірісті. Күн-түн демей, науқастардың дәрігерлер белгілеген емін аса жауапкершілікпен уақытылы орындауда. Жас медбикелерге білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін беріп, отыз жылдық тәжірибесі кәсіби шеберліктің үлгі-өнегесін көрсетті. Уақытпен санаспай, таңда кетіп, күн бата келеді. Атқаратын қызметіме кедергі болмасын деген оймен алты жасар ерке қыз Аяулымды ауылдағы анасына аманаттап, мылтықсыз майданның ортасында жүр. Арнайы киіммен тәулігіне 12-14 сағат жұмыс жасау да оңай еместігі белгілі. Оның үстіне қатерлі дерттің жұқпалы жағдайынан бірнеше әріптестері ауырып та жатыр.

Бүгінгідей кезеңде науқастармен жұмыс жасауға өз міндетіне адал, рухы мықты, жауапкершілігі жоғары жандар ғана батыл шешім қабылдайды. Шаршап- шалдығып жүрсе де мұның бәрін уақытша қиындық санап, жеңісті күндердің жақын екендігіне сенімі мол. Таңнан тұра ерекше құлшыныспен, жасын жігермен күлімдеп жұмысқа аттанып бара жатқан сәтін көргенде науқас жандарға сөнбес сәуле сыйлауға асығып тұрғандай сезінемін. Қарындасым Сарманова Күнсұлудың адам өмірін арашалауға арнаған қызметін баян­дай отырып, қатерлі дерттің бел ортасында жүріп «қанатымен су сепкен қарлығаштай» барша кіші медицина қызметкерлерінің тәуекелді шешімін ұлағаттайық дегім келеді. Осы саладағы медбикелердің жанқиярлық еңбегін, міндетін атқарудағы ерлігін, індетпен күрес жолындағы қайтпас қайсарлығын ардақтауымыз керек.

Біз жаман ауруды осындай жандардың қайырымды, мейірімді шипасының арқасында жеңіп шығамыз. Адам өмірі үшін өз өмірлерін қатерге тігіп, қызмет атқару аяулы перзенттің асқақ ерлігі мен өз ісіне адалдықтан туындаған асыл қасиеті деп бағалауымыз керек. Адамзатқа жасалған жақсылықтар мен игілікті істер бәрінен де маңызды.

Мұрат САРМАНОВ,

кәсіпкер,

Атырау қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз