Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан барысы — 2016» республикалық турнирінің үш дүркін чемпионы
Кеше Астанада өтіп жатқан ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің жеңімпаздары анықталды.
«Қазақстан» телеарнасынан тікелей эфирден 6 сағат бойына берілген «Қазақстан барысы -2016» республикалық турнирі аяқталып, доданың жеңімпаздары анықталды. «Көрермен көз айымы» марапатына Алматы қаласының палуаны Виктор Демяненко, ал «2016 жылдың үздік палуаны» болып 4 секундта жеңіске жеткен Александр Козачев айқындалды.
Бірінші палуанға 1 миллион теңге мен автокөлік кілті табыс етілді. Екінші палуан да автокөлік кілтіне ие болды. ІІІ-орын иегері — Жамбыл облысының палуаны Айбол Айтбек. Оған 1 миллион 800 мың теңгенің сертификаты мен қола белбеу табыс етілді. ІІ-орын иегері — оңтүстік қазақстандық палуан Жұманазар Ерсұлтанов (лақап аты — Жақсықұл). Оған 5 миллион 500 мың теңгенің сертификаты мен күміс белбеу табыс етілді. Ал оның жаттықтырушысына 1 миллион 800 мың теңгенің сертификаты берілді.
І-орын иегері — үш дүркін «Қазақстан барысының» чемпионы Бейбіт Ыстыбаев. Оған 25 миллион теңгенің сертификаты мен алтын белбеу берілді. Оған қоса Бейбіт Ыстыбаевқа алтын тай тұяқ пен Астанадан пәтер кілті табыс етілді. Ал оның жаттықтырушысы 3 миллион 500 мың теңгенің сертификатын иеленді.
Өкінішке орай, біздің Атыраудан қатысқан Кенжебек Күзембаев пен Сұңғат Закарияев жүлделі орынға жете алмады.
Абай Ақмұрзиев.