Bazar Jastary Leaguе футбол турнирі мәресіне жетті
«NEET санатындағы жастардың әлеуметтік және жеке дамуы» жобасы аясында ұйымдастырылған Bazar Jastary League футбол турнирінің жеңімпаздары марапатталды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Екі айға созылған турнирге 240 адамнан құралған 16 команда қатысты.
-Соңғы ойындарға спортшылардың мықты дайындықпен келгені айқын көрінді. Турнир барысында әр команда спорттық рух пен бірлікті көрсетті. Ал ойындар түрлі тактикалық әдіспен қатар, әдемі голдармен есте қалды. Бұл турнир жастарды спортқа баулуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақыруға бағытталған. Спорттық жарыс өзіне-өзі қызмет ету саласында жүрген жастар мен әкімдік арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізді, — деді «Жаныңдамын» қоғамдық қорының басшысы Мейрамгүл Есниязова.
Нәтижесінде І орынды «Фирдаус», ІІ орынды «Захра» командасы иеленді. Ал үздік үштікті «Бәйтерек» тобы қорытындыланды. Жеңімпаз командаларға ақшалай сертификаттар табысталды.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Мұқаналиев – «Үздік қақпашы», Мейіржан Өмірғалиев – «Үздік ойыншы», Нұрбек Маратұлы – «Үздік сұрмерген», Жарас Меллятов – «Үздік қорғаушы», Серікбол Исмагулов «Үздік шабуылшы» атағына ие болды.
Айта кетейік, турнир облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.