1570512444 getimage

Бауырдың жөні бір бөлек. БІРАҚ…

Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/5 ақпан, 2020 жыл. Облыстық газет редакциясына өзін мазалаған мәселелермен хабарласушылар аз емес. Күніге мұндай қоңыраудың ондаған, жүздегені түсуі мүмкін.

Рас, телефон шалушылардың дені зейнетақы, жәрдемақы, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерді күту, кейбірі жұмысқа орналастыру турасында кеңес сұрайды. Бұлардан басқа, өмірде кездесетін сан алуан жағдайға байланысты құқықтық кеңес алғысы келетіндер қаншама? Ал, жақында бір бойжеткен өзінің жан күйзелісімен бөлісті.

Жаңыл – әке-шеше ша-ңырағындағы төрт қыздың кішісі. Үш әпкесі де тұрмыста. Біреуі – көрші Ақтөбе қаласында, екеуі Атырауда тұрады. Олардың үй-жайлары, ұл-қыздары бар. Ата-аналары өмірден өткеннен кейін Жаңылды ортаншы әпкесі өз қолына алып, әке шаңырағын жалдап қояды. Қаладағы бір емханада мейіргер болып жұмыс жасайтын Жаңылдың өзге бойжеткендерден айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Тек…

– Жездем өте ақкөңіл кісі еді. Осыдан үш жыл бұрын жүрек дертінен қайтыс болды. Ал, апам, керісінше, өте қатал адам. Үйіндегі үш баласына да, маған да қатты қарайды. Жасым 25-тен асса да, мені ешқайда шығармайды. Тіпті, мереке күндері құрбыларыммен кездесуіме рұқсат бермейді. Осында келген соңғы бес жылдан бері көріп келе жатқаным осындай қысастық, балағат сөз… Неге екенін білмеймін, мені туған сіңлісі емес, босағасында жүрген күңіндей көреді. Тілі ащы-ақ. Мен оның сөздерін қайталауға ұяламын, аузым бармайды… – деп налиды Жаңыл.

Кім біледі, әпкесі күйеуі кеткеннен кейін депрессияға ұшырады ма, әлде қызметі қиын болып жүр ме, әйтеуір, үйдегі балалары мен сіңлісіне күн бермейтін кісі көрінді бізге. Адамның жеке басында қандай қиындық кездессе де, «ит ашуын тырнадан аладыға» салынбағаны абзал, әрине. Бірақ, ол да пенде болғасын эмоцияға беріліп, қатты айтып қалуы мүмкін. Дегенмен, мұндай ауыр мінездің жылдар бойы тұрақтап қалуы адамның өзіне де, өзгелерге де қиындық әкелері сөзсіз. Бұдан оның айналасындағы барша адам зардап шегеді.

Тіпті, бір сөзінде Жаңыл: «Не жаздық? Білмейміз. Кейде өмір сүргім келмей кетеді…» деді налып.

Көпті көрген Сырым Датұлы: «Табалдырықтан биік тау жоқ, жаман ағайыннан мықты жау жоқ» депті. Расында да, ағайынмен алауыз болсаң, сырт адамнан не қайыр?! Ойланарлық жағдай…

Лиза СЕЙТІМОВА

Тағы оқыңыз:

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған