
Батыс өңірінде бұрын-соңды жасалмаған ота Атырауда тұңғыш рет сәтті өтті
Атырауда медицина саласында маңызды оқиға тіркелді. Облыстық ауруханада 11 жастағы балаға алғаш рет артроскопиялық әдіспен күрделі сүйек сынығына ота жасалды. Артроскопиялық трансоссалдық фиксация — буын сынығын ішкі жағынан арнайы құралмен бекіту әдісі. Бұл ота Батыс өңірінде алғаш рет жүзеге асып отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрай Махонованың хабарлауынша, науқас баланың оң жақ балтырындағы үлкен жіліншік сүйегі айдаршықаралық бөлігінен ығысып сынған. Сонымен қатар тізе буынына қан кетіп, гемартроз дамыған. Мұндай жарақат ауыр соққы алған кезде жиі кездеседі.
–Ота облыстық балалар ауруханасы мен облыстық аурухананың травматолог-дәрігерлерінің бірлескен күшімен жасалды. Артроскопиялық әдіс — өте дәлдік пен жоғары кәсіби шеберлікті талап ететін тәсіл. Дәрігерлер сүйекті ішкі жағынан орнына келтіріп, сенімді бекітті. Бұл баланың тез әрі толық қалпына келуіне жол ашады. Бұрын мұндай ота елордадағы Ана мен бала орталығында ғана жасалатын. Енді атыраулық дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің арқасында бұл операция өзімізде, өңірде сәтті өтті. Бұл — үлкен командалық еңбектің жемісі, — дейді операцияға қатысқан мамандар.
Бүгінде баланың жағдайы жақсы. Ал бұл оқиға — аймақ медицинасының дамып келе жатқанын айқын көрсететін жарқын мысал.