
Жұмысшы болу – ұят емес!..
Бүгінде техникалық және кәсіптік мамандықтардың маңызы артып келеді. Өйткені білікті жұмысшы – кез-келген мемлекеттің дамуындағы негізгі күш саналады. Демек, жастарды тек біліммен ғана емес, тұрақты жұмыспен қамту маңызды іс. Осы тұста «Доссормұнайгаз» МГӨБ энергетика бөлімінің бастығы, Қазақстанның Құрметті энергетигі Жұмабай АБДОЛОВПЕН сұхбат барысында тақырыптың тиегі тарқатылды.

– Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл бастама жөніндегі пікіріңізді білсек деп едік?
– Бұл өте дер кезінде көтерілген, ел болашағына бағытталған маңызды қадам. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру – экономикаға ғана емес, тұтас қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысының бұл бастамасы – еңбек адамына деген құрметтің жарқын көрінісі. Қарапайым жұмысшы – зауыт пен кен орнында, құрылыс алаңында, теміржол мен электр жүйесінде ел үшін аянбай тер төгетін жан. Олардың еңбегі лайықты бағалануы тиіс.
– Жуырда өзіңіз қатысқан Астана қаласында өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің де басты мақсаты осы болар?
– Әрине, аталған фестивальға аудан орталығындағы Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің студенттерін жұмыс беруші серіктестің өкілі ретінде бастап бардым. Айта кетейін, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы аталған колледжбен дуалды оқыту бағытында тығыз жұмыс жасайды. Студенттер Асқар Әділби, Қайыржан Мұрат, Тұрлан Серікбол электрмеханика саласында білім алып жатыр. Болашақ маман иелеріне бұл фестиваль кәсіби бағдар тұрғысынан пайдалы тәжірибе болды.
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі бес күн бойы өтті. Елдің түкпір-түкпірінен 50 мыңнан астам қатысушы келді. 8 тақырыптық көше мен 40 интерактивті аймақ құрылды. «Авиация үйі», тау-кен, машина жасау, ауыл шаруашылығы, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер аймағы сынды бағыттар жастар үшін өте тартымды әрі мазмұнды болды.
Фестиваль жасөспірімдер мен жастарға түрлі жұмысшы мамандықтарын өз көзімен көріп, қолмен ұстап көруге мүмкіндік берді. Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің студенттері – ертеңгі өндіріс иелері, ел тірегіне айналатын мамандар. Мұндай шаралар жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын оятып, болашағына дұрыс бағыт таңдауға жол ашады. Меніңше, осындай кең көлемді алаң – нағыз кәсіби бағдар беретін орта.
– Жастар арасында жұмысшы мамандығына деген көзқарас қандай?
– Соңғы жылдары өзгеріс байқалады. Бұрын жастардың көбі жоғары білім алуға ұмтылатын. Қазір техникалық және кәсіптік білімге деген қызығушылығы артып келеді. Өйткені нарыққа нағыз шеберлер, нақты істің мамандары керек. Біз осыны жастарға дұрыс түсіндіре білуіміз қажет. Еңбек ету – күнкөріс үшін ғана емес, елге пайда әкелу, өзіңді дамыту жолы екенін ұғындыруға тиіспіз.
– Сіз өзіңіз де еңбек жолында көп жылдық тәжірибеңізбен бөлісіп жүрген майталмансыз. Бұл салада жастармен қалай жұмыс жасайсыз?
– Мен үшін жұмыс – жай ғана табыс көзі емес, өмірлік ұстаным. Бүгінде өндірісте жүрген талай жас маман – кезінде тәжірибеммен бөліскен шәкірттерім. Бізде жыл сайын «Үздік маман» байқаулары өткізіліп тұрады, шәкірттерім сол байқаулардан жүлделі оралып жүр. Өз кәсібіңді шынайы сүйсең, оны жастарға үйрету – үлкен жауапкершілік әрі мәртебе.
Өзім де ізденістен жалықпаймын. Курстарға, семинарларға қатысып, кәсіби білімімді үнемі толықтырып отырамын. Себебі, бүгінгі жұмысшы – қолымен ғана емес, ақылымен де жұмыс істейтін, технологиямен тең жүретін маман болуы керек.
– Еңбек адамына қоғамда қандай қолдау көрсетілуі керек деп ойлайсыз?
– Біріншіден, моральдық және әлеуметтік қолдау қажет. Мысалы, жұмысшы мамандығын таңдаған адамдарға тұрғын үй алуға, медициналық көмекке, балаларын оқытуға жеңілдіктер жасау керек. Бұл – олардың мәртебесін көтеріп қана қоймай, жастардың осы жолды таңдауына серпін береді.
Екіншіден, еңбек адамдарын дәріптейтін жобалар қажет. Байқаулар, марапаттар, деректі фильмдер – бәрі де еңбек адамына деген құрметті қалыптастырады. Өзім республикалық «Еңбек жолы» байқауына қатысып, «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша жүлделі болдым. Бұл – маған ғана емес, маған сенген жастарға да берілген баға деп білем.
– «Жұмысшы» деген атаудың өзі кейде көлеңкеде қалып қоятындай әсер береді. Осы оймен келісесіз бе?
– Иә, өкінішке қарай кейбіреулер бұл ұғымды ескі түсінікпен қабылдайды. Шын мәнінде, бүгінгі жұмысшы – кәсіби маман, қоғамға қажет тұлға. Біз бұл сөздің мағынасын қайта жаңғыртуға тиіспіз. Жұмысшы – бұл мақтаныш. Қоғамда еңбек адамының ролін көтеру – ұлттық идеологияның бір бөлігіне айналуы қажет.
– Жастарға қандай ағалық кеңес берер едіңіз?
– «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген мақалмен бәрін түсіндіруге болады. Еңбек еткен адамның абыройы биік, жолы ашық болады. Меніңше, қарапайым жұмысшы болу ұят емес, жалқау болу – ұят.
Нағыз маман – диплом иесі ғана емес, өз ісіне берілген, үнемі шыңдалуға дайын адам. Еңбекпен ғана ер көгерер. Қазір бәрі жеңіл жол іздейді, бірақ нағыз берекенің кілті – қолыңмен істеген, жүрегіңмен атқарған істе ғой. Жастар елді өрге сүйрейтін – жұмысшы қолы, өндіріс, техника, кәсіп екенін есте ұстаса екен. Сондықтан, жұмысшы болудан ешқашан ұялмау қажет. Қайта соны мақтанышпен айтуға үйренген жөн.
– Рақмет. Елге сіңірген еңбегіңіз көпке үлгі болсын!
Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ