БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ
Қоғамдық қабылдауға жазылған 29 адамның басым бөлігі жер және баспана мәселесіне байланысты өз мұқтаждықтарын айтты. Айталық, қала тұрғыны Рысты Ишаханова жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2005 жылы жер телімі кезегіне тіркеліпті. «Арада он жыл өтсе де ұлтарақтай жерге қол жеткізе алмадым» деп реніш білдірген оған әлі де өзінің алдында кезекте тұрған 3000 адамды күтуге тура келеді. Ал, Огородная көшесінде тұратын Жамал Қанатованың 2007 жылы мүлікті жариялау науқаны кезінде жер учаскесінің көлемі дұрыс есептелмепті. Жұмыссыз, екінші топ мүгедегі Дауылбай Тілегенов екі жылдан бері аз қамтылған отбасы ретінде пәтер кезегінде тұр. Оның алдында кезекте 4600 адам бар. Бұл азамат баспана алғанша уақытша жатақхана сұрап отыр. Жұмыссыз Мұрат Ералиннің мамыр айындағы жауын-шашын салдарынан үйі суға кеткен. Тұруға жарамсыз баспанасын бұзып, орнына үй тұрғызу үшін рұқсат сұрайды. Үш жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған Сандуғаш Аманбаеваның 2004 жылы туған қызы «ДЦП» дертімен ауырады.
Міне, қоғамдық қабылдауға келгендердің осындай шағымынан жер мен баспана мәселесіне қатысты қордаланған әлеуметтік түйткілдердің әлі де жетерлік екенін аңғаруға болады.
Қала әкімінің орынбасары Әділбек Зайдуллин қоғамдық қабылдауға қатысқан қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қыдырқожа Даулетьяровқа, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сағындық Хасанға, сондай-ақ, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің өкілдері Марта Нұрғалиева мен Қуаныш Ибрагимовке өз салалары бойынша тұрғындар айтқан мәселелерді заң шеңберінде шешуді тапсырды.
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.