БАС ҚАЛА – жаңа технологиялар бастауы

whatsapp image 2021 07 03 at 11.54.24 2 Жаңалықтар

Қазақ елінің басты ордасы қарыштап дамып, сәт сайын жаңару үстінде. Әсіресе, жаңа технологияның игілігін бірінші болып көретін елордалықтарға өзге өңірлер қызыға қарайды. Олай дейтініміз, «ақылды қалалардың» жаһандық рейтингіне Нұр-Сұлтан қаласы да енеді. Мемлекет басшысының Жолдауында да ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы цифрландыру екені көрсетілген.

Қаланың қарыштап дамуының себебін Елорда әкімдігіне хабарласып білдік. Сөйтсек, цифрлы қызмет көрсету мен инновацияларды өмірдің барлық саласында пайдалануға назар аударылады. Нұр-Сұлтан қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабектің айтуынша, қазір Елорда әкімі Алтай Көлгіновтың басшылығымен НұрСұлтан қаласын «ақылды қалаға» айналдыру жұмыстары жалғасып жатыр. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында әкімдік қаланы цифрландырудың 6 негізгі бағыты бойынша жұмыс жүргізеді.

– Қала тіршілігінің негізгі аспектілері – әкімдік, тұрғындар және жеке бизнес арасындағы тығыз ынтымақтастықты қамтиды. Сондай-ақ, тұрғындардың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыру, елорда инфрақұрылымын, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін жақсарту мен жаңғыртуға бағытталған. Қаланы жоспарлау кезінде технологиялық құралдарды қолдану – Нұр-Сұлтан қаласын «ақылды қалаға» айналдырудың маңызды элементтерінің бірі. Бірнеше Smart жоба жүзеге асты. Мысалы, birge платформасы – тұрғындардың ортақ идеяларына арналған алаң, iQala – бірегей жобасы, геоақпараттық жүйе және қауіпсіздікті арттыру саласындағы жобалар бар, – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Соның бірі – «Қауіпсіз қала» жобасы бойынша қалалық инфрақұрылымды басқару және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажеттілікке сәйкес 7500 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Бұл құрылғылар жедел басқару орталығына (ЖБО) және Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне қосылған. Пилоттық жоба аясында 1000 жалпы бейнебақылау камерасы орнатылды. Мамандар «Қауіпсіз қала» жобасы іске қосылған сәттен бастап оң нәтиже байқалғанын айтады. Сондай-ақ, қоғамдық орындардағы жағдай туралы ақпаратты жинау және тіркеу арқылы қаланың құқық қорғау органдарының кезекші бөлімдерін ақпараттық тұрғыда қамту жақсарды. Жоба қаланың барлық аудандарын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын басқаруға мүмкіндік беретін икемді жүйе.

– Толық іске асырылса, біз қаланы азаматтардың қауіпсіздігі үшін бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктіреміз. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуден басқа, жоба қаланың тыныс-тіршілігін талдау бойынша операциялардың басым бөлігін автоматтандыруға, талдау негізінде шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру қала тұрғындарының өмір сүру және олардың қызмет көрсету жұмысының сапасына қанағаттануын арттырады, – дейді Б.Қасабек.

Зияткерлік-көлік жүйесі толығымен енгізілгеннен бері Елорда жолдары – республикадағы ең қауіпсіз жол саналады. «Нұр-Сұлтан қаласының Зияткерлік көлік жүйесі» (ITS) жобасы бағдаршам объектілерін бейімдеп басқаруды, қоғамдық көлікте жолақы төлеудің электрондық жүйесін, қоғамдық көлікті диспетчерлендіруді қамтиды. Бүгінде бас қаладағы көрсетілетін барлық мемлекеттік қызмет түрі цифрландырылған. Былтырғы негізгі нәтижелердің бірі – «Нұр-Cұлтан қаласының Зияткерлік көлік жүйесі» IDC халықаралық компаниясының нұсқасы бойынша Еуропа, ТМД және Біріккен Араб Әмірліктері арасында көшбасшыға айналыпты. Қала сәулетін дамытуға ерекше көңіл бөлінгені соншалық, жасақталған геопортал (жердің электрондық картасы) арқылы нақты уақыт режимінде меншік түріне қарамастан барлық жер телімдерінің кадастрлық нөмірінен б а ст ап, толыққанды мәліметін білуге болады. Барлық қызмет 2D және үш өлшемді фотореалистік дерекқорға арналған 3D карталары бар геоақпараттық платформа түрінде жасалады. Геоақпараттық орталық шеңберінде мемлекеттік қызметті цифрлық түрде алуға мүмкіндік туды. Бұл қала тұрғындарына және бизнесқоғамдастыққа деректерді іздеу үшін өте ыңғайлы. Болашақта құрылысты жоспарлау және ғимараттар мен кварталдарды модельдеу үшін де қолайлы.

Бас қаладағы тұрғындардың көңілінен шыққан жоба – iKOMEK109 орталығы. Бұл сервис – 24/7 режимде халықпен байланысатын оңтайлы құрал. Оның көмегімен халықтың талаптілегінің 86,3%-ы «бірінші қоңыраудан» кейін шешіледі, қалғандары 7 күн ішінде пысықталады. «Біз басымдық беріп отырған міндет – Елорданы тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз қала етіп қалыптастыру. iKOMEK сервисін жыл сайын 600 мыңнан астам елордалық пайдаланады. Бірыңғай байланыс орталығының қызметіне әртүрлі тәсілмен жүгінуге болады. Бүгінде өтініштерді берудің 9 арнасы жұмыс істейді. Олар – ұялы және қалалық телефондар арқылы тегін 109 нөмірі арқылы, тelegram-бот, қала әкімдігінің сайты, iKOMEK109 мобильді қосымшасы, Smart Astana мобильді қосымшасы, сайт, электронды мекен-жай арқылы, Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желілері» деп хабарлады iKOMEK орталығының баспасөз қызметі. Мамандардың айтуынша, барлық ақпарат жіберілетін iKOMEK талдау орталығында қаланың ең өзекті мәліметтер базасы құрылып, оқиғалардың түпкі себептері анықталады.

Бұл – жүйелі және қайталанатын мәселелерді шешудің ең сенімді шешімдерін қабылдау үшін таптырмас мүмкіндік. Қай дәуірде де өркениетке қол созған ұлттың көш бастап тұратыны сөзсіз. Осы тектес жобалардың үлгісін өз жерімізден де көруге болады. «Ақылды қала» тұжырымдамасы шеңберінде «Атырау көше жарығының құрылысы мен оны пайдалану» жобасы жыл сайын электр қуатын 40%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Атырау қаласындағы қоғамдық көліктерге электрондық билеттеу жүйесін енгізу» – қаладағы жолаушылар қозғалысын үнемі есепке алу және қоғамдық тасымалдың сапасын арттыру бағытындағы бастама. Ал, «Safesmartcity» жобасы – жол қозғалысының құқық бұзушылықтарын анықтайтын көшедегі бейнебақылау және фото-бейнежазу құрылғыларының интеллектуалды жүйесін құруды көздейді. Жоғарыда айтқан 109 бірыңғай байланыс орталығы – Атырауда да сұранысқа ие жобаның бірі. Осыдан біраз жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана – ел экономикасының локомотиві болады.

Құрылыс индустриясы қарқынды дамиды, ол экономикамыздың басқа салаларын дамытуға ықпал етеді» деп көптің арманын асқақ етті. Бүгінгі күні сол арман ақиқатқа айналғанына Қазақ елі ғана емес, бүкіл әлем куә.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз