«Бәрімізге де сәл мейірімнің, көңіл шуағының жетпей тұратыны рас…»  – Динара ТЕМІРҒАЛИЕВА

eriktiii Жаңалықтар

Бейбіт күнде ерлік жасағандардың қатарында біздің кейіпкеріміз де бар еді. Шын мәнінде ерлік күнделікті өмірде кездесіп жатады. Иә, атқан оққа қарсы шапқан, жау ДЗОТ-ын кеудесімен жапқан Сұлтан Баймағамбетовтың, Боран Нысанбаевтың, жанып бара жатқан самолетімен жау эшелонын жоқ етіп, өзі де құрбан болған Нұркен Әбдіровтың, Украина ормандарында «Вася» деген есіммен әйгілі болып, партизан отрядтарын құрған Қасым Қайсеновтың ерлігі туралы бүгінде көп айтылмайтыны өкінішті. Алайда, көзге көрінбейтін коронавирус кеселі меңдеген сәтте, ауру ушығып, бір жұтым ауамен дем алудың өзі мұң болған күндерде ауруханаға сәт сайын түсіп жатқан сырқаттарға қол ұшын созып, жүрегінің жылуын бөліп берген жанның бірі – Динара Темірғалиева.

Өзінің тұстастары сияқты нәп-нәзік, жайшылықта елене бермейтін, сыпайы да биязы ару. Ел басына күн туып, аурухана науқастарға толып, елдің жақсылары мен жайсаңдары індет құрығына ілінген кезде ол өз жүрегінің қалауымен қиналған жандардың жанынан табылды. Өзінің де жұқпалы вирус қармағына түсуі мүмкін екенін ойламастан, ел үшін өлімге де басын тігуге әзір еді. Коронавирус құрығына ілінген отандастарға қандай да бір көмегін тигізуді мұрат тұтқан мейірбан жүректің иесі «Еріктілер жылы» қорытындыланған тұста сол кездегі Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың қолынан «Халық алғысы» медалін алды. Әлбетте, бүгінде сол бір оқиғалар көрген қорқынышты түстей болып, соңда қалғанына қуанышты Динара Нұрбекқызымен  емен-жарқын әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Динара, марапатыңызбен құттықтап қоюға рұқсат етіңіз. Коронавирус инфекциясының жұқпалы екенін білдіңіз ғой. Ендеше, сол бір ерлікке парапар қадамды жасауға Сізді итермелеген қандай күш?

– 2020 жылды ел Президентінің «Еріктілер жылы» деп жариялағанынан хабардармын. Өзім әуелден қайырымдылық шараларына қатысуға, қиналған адамға көмектесуге тырысып жүремін. Мүмкін, әжем Кариманың берген тәрбиесінің ізгі көрінісі шығар. Ол кісі «жетім көрсең, жебей жүр», «жерде бір жетім жыласа, аспанда мың періште мұңаяды» деген ұстанымның адамы еді.

Бүгінде Whatsapp чатында, Facebook әлеуметтік желісінде әртүрлі қайырымдылық қорларының хабарламалары желдей есіп жүргені баршаға мәлім. Ауыр науқасы бар бүлдіршіндерді қолдау үшін, үйсіз-күйсіз жүрген жалғызбасты анаға көмек үшін деп келген сондай хабарламаларға өз басым көп болмаса да ақша аударуға тырысып жүремін. Қазір пәтер жалдап, азын-аулақ табыспен жүргендіктен, көп ақша аудара алмайтыным рас. Алайда, өзімнен артылған ақшаны адамдарға жақсылық үшін жұмсағанның несі айып? Мәселе азда немесе көпте емес. Мәселе – жұртқа деген жүрек жылуында.

Кейде сол қайырымдылық топтары ақшаны жинап алып, жоқ болып кететіні де бар. Мен оған басымды қатырып жатпаймын. Көмек керек деді, мен қолда барыммен көмектестім. Оның не әңгімесі бар?

Ал, дерт айналамыздағы адамдардың өміріне ауыз салып, ажал аузына апарып жатқан кезде мен сырт қала алмадым. Адамдардың қалай қиналғанын сырттай бақылап тұруға дәтім жетпеді. Сөйтіп, Facebook әлеуметтік желісіндегі Мира Есниязова сияқты жандарға үн қостым. Өзім ерлік жасадым деп ойламаймын.

– Пандемия кезінде облыстық ауруханада жасақталған провизорлық орталықта, нағыз вирустың  ушығып тұрған кезінде жүріпсіз…

– Атырау волонтерлер штабының жетекшісі Әмина Жәрдемқызының еріктілер үшін ашқан Whatsapp чатынан «облыстық ауруханаға оттегі баллонын тасуға еріктілер керек» деген жазбаны көзім шалып қалды. Келесі күні ертемен аурухана алдына Асхат, Мира, Талғат және мен ғана жиналдық. Бұл 1-ші шілде еді. Аурухана маңы толған адам. «Жедел жәрдеммен» алып келіп жатқандар қаншама?!

Біз оттегі баллонын тасуға медбикелерге көмектестік. Арнайы киім киіп, баллонды жоғары қабаттарға тасыдық. Түнімен ауруларға қарлығаштың қанатымен су тамызғандай болса да көмектесуге тырыстық. Талғат пен Асхат баллондарды жалғап, Мира екеуміз босаған баллонды сыртқа тасып, сырттан оттегі баллонын әкеліп, қолымыздан келген жұмыстарды жасадық.

– Ауру асқынып тұрған кезде еріктілер сапында індет ошағында жүргеніңізді отбасыңыз білді ме?

– Отбасымда анам екеуміз ғана. Әжем осыдан үш жыл, әкем алты жыл бұрын дүние салған. Ерікті ретінде ауруханада жүргенімді алғашында анама айтқан жоқпын. Уайымдамасын дедім. Алайда, әлеуметтік желі тұрғанда желдей ескен хабарға тосқауыл қою мүмкін емес екен. Бір аптадай уақыт өткенде анам хабарласып: «Қызым, сен қайда жүрсің? Өзіңді ойламасаң да, мені неге ойламайсың?» деп ренжіп сөйледі. Мен анама аурухана ішіне кірмейтінімізді, сырттан тамақ, баллон тасуға көмектесетінімізді айтып, сендірдім. Ол кісі сонда да келіспеді. Бірақ, менің айтқанымнан қайтпайтынымды білген соң, Жаратқан Аллаға дұға жасап, тілек тілеумен отырды.

– Алғашында қиын болған шығар? Жұмысты қалай жүйеге қойдыңыздар?

– Алғашқы күндері күні-түні ауруханада жүрдік. Бірақ шаршайтынымыз рас еді. Сөйтіп, бәріміз жиналып, 12 сағаттық жұмыс режимін таңдап, жүйелі түрде жұмыс жасай бастадық.

– Сізге ерекше әсер еткен жағдай болды ма?

– Бірде аурухана терезесінен әлдекімді іздеп жүрген қыз баланы кездестірдім. Есік алдында отырған медицина қызметкеріне бір адамның аты-жөнін қайта-қайта айтып, сұрастырып жүрді. «Кімді іздеп жүрсіз?» деп сұрап едім, жылап қоя бермесі бар ма?! Әкесі ауруханада жатыр екен. Бір хабарын ала алмай, сарсылып жүргеніне бірнеше күн болыпты. Аты-жөнімен іздестірген кезде ол кісінің хал үстінде жатқанын білдім. Кейін қайтыс болды…

Сондағы қиналғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Менің де әкем қайтыс болған еді. Әкесіздіктің не екенін мен жақсы білемін. Әлгі құрбымдай болып кеткен қызды жұбата алмай, екеуміз бірге егілдік…

– Баллон тасу – қыз баланың ісі емес. Әрі 70 келі деген өте ауыр салмақ қой. Оны қалай тасыдыңыздар?

– Мира екеуміз әуелгі кезде мықшыңдап, көтере алмай тұратынбыз. Кейін адам өмірінің қыл үстінде тұрғанын көріп, әрі сол адамның өмірі оттегі баллонына тіреліп тұрғанын түсінгеннен кейін ауырлықты сезбейтін болдық. Жан қысылған кезде адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ екен. Ең қымбаты – адамның жаны, адамның өмірі. Басқасын табуға болады, сатып ала аласың. Ал, адам ғұмырын сатып ала алмайсың ғой. Біз баллон әкеліп, аз да болса жанына араша түскен адам біреудің анасы, біреудің әкесі, біреудің сүйікті баласы болуы мүмкін. Сондықтан, кешігуге хұқымыз жоқ сияқты болып көрінетін.

– Алда қандай жоспарыңыз бар?

– Мен бала кезімде медицина қызметкері болсам деп армандайтынмын. Ақ халатты абзал жан болу жөніндегі арманым әлі де мені тастап кеткен жоқ. Провизорлық орталықта жүрген кезіміз маған соны түсіндіргендей болды.

– Сіздің әлеуметтік желідегі парақшаларыңызда бала мысықтар мен күшіктердің, құстар мен жан-жануарлардың суреттері көп екен…

– Біздің қазақы қоғамға, менталитетімізге сәл ерсілеу көрінетін шығар, бірақ мен жан-жануарларды өте жақсы көремін. Әсіресе, қысты күндері аштан бұратылып жүрген мысықтар мен иттерді көргенде, немқұрайлылық таныта алмаймын. Қалтамдағы соңғы ақшама болса да қалбырдағы ет, шұжық сияқты тағамдарды сатып алып, тамақтандыруға тырысамын.

Кейде бала мысықтарды, күшіктерді үйге алып кетіп, жуындырып, бағып-қағып, өзімнің таныстарыма беремін. Арамызда мейірімді адамдар көп. Олар тек қаңғыбас мысық-күшіктерді жинап жүр деген сөзден қашады. Еуропада бәрі басқаша ғой. Оларда қаңғыбас жануарларға арналған, арнайы жасақталған жылы сарайлар бар.

Мен кейде: «егер қаражатым болса, сол өркениетті елдердегідей жануарлар үйін ашар едім» деп қиялға берілемін. Бәрімізге де сәл мейірім мен көңіл шуағының жетпей тұратыны рас қой…

Сұхбаттасқан

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз