БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ – БАЙЫПТЫ КӨЗҚАРАС

Өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылған жасөспірімдердің саны биыл он төртті құрапты. Оның сегізі өмірімен қош айтысқан. Өңір мектептерінде қалыптасқан көңілсіз картина туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова хабарлады. Оқушылармен арада жүргізілген психологиялық жұмыстар суицид жасауға балалардың өзін жалғыз сезінгендіктен баратынын көрсеткен.

Балалар арасында қалыптасқан психологиялық ахуалдың күрделі жағдайда екендігін Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Мұса Абдрахман да қуаттады. «Жастар арасында түрлі форматта түсінік жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, үстіміздегі жылдың тоғыз айында үш жасөспірімнің суицид жасаған жағдайы тіркелді» деді ол. Бұл ретте жиынға төрағалық етуші облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Айгүл Әжіғалиева суицидпен күресте басқа облыстардың тәжірибесін зерттеуді ұсынды. «Осы проблемамен күресте нақты нәтижелерге қол жеткізген өңірлермен байланыс орнату қажет. Өйткені, өткізіліп жатқан конференция, «дөңгелек үстелдердің» күтілген нәтижені бермей отырғанын баяндамашылар келтіріп өткен цифрлардан байқауға болады» деген ол суицидпен күрестің жаңаша форматын ойластыруды ұсынды.

Жастардың, соның ішіндегі мектеп жасындағы балалардың психологиялық тұрғыда әлсіз келуіне ғаламтордағы түрлі ақпараттар нөпірінің белгілі бір деңгейде әсері де болуы мүмкін. Осындайда сенім телефондарын әлеуметтік желілер, қала көшелеріндегі баннерлер, жарнамалық роликтер арқылы кеңірек насихаттауды ұсынған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева сенім телефонының жұмыс істеу уақытының шектеулі екендігін сынға алды. «Адам баласының көңіл-күйі уақытпен өлшенбейді. Қиын жағдайда қалған адам ол телефонға кез келген уақытта хабарласуы мүмкін. Және де суицид фактілерінің ушығатын арнайы «маусымдары» да болады. «Сегізінші наурыз синдромы», «Әулие Валентин күні» және ұлттық бірыңғай тест қарсаңында жасөспірімдер арасында өлімге ұмтылатын жағдайлар көп кездеседі. Сондықтан, бұл дертпен күресте мәселенің осы жағын да ескеру керек» деді ол.

Мәселеге байланысты пікірін білдірген облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаевсуицид жасаудың бір себебін жастардың отбасылық өмірге дайын болмауымен байланыстырды. «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жанынан жастарды жанұялық өмірге бейімдейтін жобалар керек. Отбасылық өмірді сақтап қалу, әйелді құрметтеу, отбасылық өмірдің маңызы, бала тәрбиесі, жауапкершілік туралы көбірек түсіндіру керек» деді.

Қалай десек те, кез келген ұлт болашағын ұрпағымен байланыстырады. Сондықтан да, жас буын арасында суицидке қарсы кешенді жұмыс жүргізу маңызды. Осы және өзге де мәселелер қаралған комиссия отырысында мектеп психологтарын тақырыптық бағытта оқыту, өзге облыстармен тәжірибе алмасу, ғаламтор, әлеуметтік желі мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану сынды жұмыстарды жүзеге асыру туралы ұсыныстар түйінделді.

 

Мейірім ҚАЛАУИ, Облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы:

Психологтарға кабинет керек

«Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» ұйымымен суицидке байланысты бірлесіп көптеген жұмыстар атқарылуда. Негізінен колледждермен жұмыс істеп келеміз. Байқалатыны, көптеген орта оқу орындарында психологтың отыратын арнайы кабинеті де жоқ. Көп жағдайда олар директордың орынбасарымен бірге отырады. Әрине, бұдан соң ол жерге бала барып проблемасын айта алмайды. Мәселенің осы жағын реттеуді және дертпен күреске қоғамдық ұйымдарды араластыруды ұсынамын».

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз