«БАР ОЙЫМ ХАЛЫҚТЫ ҚҰТҚАРУ БОЛДЫ…»
Иә, біз бүгінгі қоғамдағы адамдардың бәрін мейірімсіз дей алмаймыз. Әсіресе, Атырау өңірі жүрегі кең, жомарт жандар мен ізгілік істердің ұйытқысы болып табылатын еріктілерден кенде емес. Өз жақсылығын жария етпейтін жандар да қаншама…
Елде пандемия жайлап, эпидемиологиялық ахуал күшейген сындарлы сәттерде өз өмірінен бұрын өзгені ойлаған батырлар да табылды. Қиын сәтте ел ықыласына бөленген жанның бірі – Мейрамгүл Есниязова. Ол халыққа «Мира» есімімен жақсы таныс. Оның ниетінің адалдығын, жүрегінің тазалығын біліп, жақсылығын көргендер осылай деп атап кеткен. Мейрамгүлдің бұл салаға келіп, қайырымдылық істермен түбегейлі айналысып жүргеніне төрт жылдан асқан. Оған дейін мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ұстаздық қызметтер атқарды. Мұғалімдік қызметінде оқушылармен бірге жүріп көмекке мұқтаж қарттарға қолғабыс еткен. Мейрамгүл бұл ісін жүрек қалауымен жасағанын, ол кезде жақсылық жасаудың волонтердің ісі екенін білмегенін айтады. Елге коронавирус пандемиясының бірінші толқыны соққан 2020 жылдың жаз айлары халықтың бойын қорқыныш пен үрей, белгісіздік билеген қиын кез болғаны есімізде. Кейіпкеріміз сол уақытта өз өмірін қауіпке тігіп, қараусыз қалған қарттарға қамқорлық жасап, азық-түлік таратып қоймай, нағыз вирустың ошағы ауруханаларға барып ақ халатты жандарға қол ұшын созды. Ол осы батыл қадамы, жақсылығы үшін «Халық алғысы» мерекелік медалімен марапатталды.
– Коронавирустың аса қауіпті індет екеніне, еріктілер қатарында жүріп көз жеткіздім. Алғашында аурухана жанындағы шатырларда жатып жұмыс жасадық. Жедел жәрдем көліктеріне кедергі болмау үшін тосқауылдарды (шлагбаун) ашып-жауып тұрдық. Өйткені, науқастардың туыстары көптеп келіп, жедел жәрдем көліктеріне қолайсыздық тудырды. Кейін науқастарға оттегі баллондарын тасып беретін адам жетіспей жатқанын естіп, ойланбастан ауруханаға кірдік. Оттегі баллондарын салмағына қарамастан екінші, үшінші қабаттағы науқастарға жеткізіп отырдық. Әрине, оңай болды деп айта алмаймыз. Баллондар ауыр болатын. Ол уақытта арнайы арбалар да жоқ еді. Бізге физикалық, психологиялық тұрғыдан қиын тиді. Бір баллонды апарып, келесісін жеткізгенше арадағы 10-15 минут уақыт аралығында адамдар өмірмен қоштасып жатты. Қарбаласта жүргенде өзіміз туралы ойлап жатпадық. Бар мақсатымыз – халықты аман алып қалу-тұғын. Науқастар бізге үмітпен қарағандықтан, қарап тұра алмай, қолдан келген көмегімізді аямадық. Бойымызға ерекше күш бітіп, демалмастан оттегі баллондарын тасумен жүрдік. Кейін елдің алғысына бөлендік. Бізге одан артық мерей жоқ. Еңбегіміз сатусыз. Мемлекеттік деңгейде марапатқа ие боламыз деп мүлде ойламадық, — деген Мейрамгүл бүгінде негізгі мамандығына қайта оралса да қайырымдылық шараларының басы-қасында жүргенін айтты.
Ол өзі қызмет атқаратын №40 орта мектепте 15-ке жуық оқушыдан тұратын жас еріктілер клубын құрып, балаларды салаға бейімдеп жатқанын, еңбегінің нәтижесінде шәкірттері ізгілікті істерге атсалысып жүргенін жеткізді. Ал, біз бүгінгі балалар оқыс оқиғаны бейнежазбаға түсіріп тұратын безбүйректерден емес, жаны жақсылыққа толы Мейрамгүл секілді еріктілерден үлгі алып өссе екен дейміз… Қазақ қашан да бір-біріне қамқорлық танытып, жетім мен жесірін жылатпаған, жығылғанға демеу болған халық. Ұлтымызды өзгелерден ерекшелейтін де осы адами қасиеттері. Ұлыстың ұлы күні Наурызды да мейірімділіктің, ізгілік пен жақсылықтың мейрамы деп мұқтаж жандарға көмек қылған. Иә, әлемді мейірім ғана құтқарады. Олай болса, жақсылық жасаңыз…
Мәлике ҚУАНЫШЕВА