“Бәлен жерде бақыр бар”

20180806173010 Жаңалықтар

«Заманның озығы бар,тозығы»,бар жасырып қайтеміз шет елде білім алу трендке айналғалы қашааан?! Біреу шынымен ілім іздесе, енді бірі қызық іздейтіні де рас. Он сегізге келе сала ата-анасының «тас бұғауынан» босап, қалың дүрмекке  еріп, адасқандарды да көз көрген…Әрине, заманның озығына еріп, шет ел көрген де дұрыс. Көп тіл біліп, полиглот атанған да артық  болмайтыны анық. Десе де, «елін аңсап», алған білім мен игерген тәжірибесін ел дамуына жұмсаса игі.

Мектеп табалдырығын аяқтай сала,шетелге оқуға кеткісі келетін жастар да, жоғарғы оқу орнын бітірген соң білімін әрі қарай жалғастыру үшін сыртта оқуға құмартып жүрген қыз-жігіттер де аз емес. Жарайды, шетелге білім алу үшін ғана құмартса жөн екен дерміз-ау, десек те соңғы кездері оқу ғана емес, жақсы өмір мен шалқыған көңіл үшін шет елдерден жұмыс іздеп кете баратын да қаншама адам бар. Оларды да айыптау орынсыз болар. Елде алған біліміне сай қызмет бұйырмай, ұлдарымыз арба итеріп, қыздардың талайы мейрамханада даяшы болып жүргені жасырын емес. Әрине, бай болып тірлік кешуді әркім қалайтыны шындық. Дегенмен, біріншіден қу құлқынның қамымен жүргенде елінен адасып кейін еңіреп қайтқандар көбейіп тұр. Екіншіден, жалындаған жастардың өзге елде ұлтан болғаны, қазақ елі үшін де қыруар шығынды далаға шашқанмен тең екені сөзсіз. Осы мәселе барысында әлеуметтік зерттеу жүргізген ғалымдар жастарымыздың бұлай жасауына елдегі кірістің төмендігімен байланыстырады. Ең қынжылтатын өкінішті жағдай белін бекем буып,түйіншегін түйіп алып шетелге тартып отыратын 19 бен 35 аралығындағы тепсе темір үзетін жастар.

Шет мемлекетте жоғарғы білімін жалғастыру үшін оқуға кеткен жастардың бірі Руслан Есентүгелов. Ол Америка Құрама Штатының Лос-Анджелес қаласында білім алу үстінде. Алғашында білім алу мақсатымен барған ол,қазіргі күні сол мемлекетте болашақта тұрақтап қалғысы келгенін жасырмады.

-Мен Америкада оқуды бұрыннан армандайтынмын. Сәті түсіп алдыңғы жылы оқуға түсе алдым. Америка білім жағынан болсын, тәрбие жағынан болсын біздің елімізден ерекшеленіп тұрады. Мұнда балаларға кішкене кезінен бастап өмірді қалай сүру керектігін еркін тұрғыдан үйретеді. Сонымен қатар білім беру саласындағы қолданылатын әдіс-тәсілдері де жоғары деңгейде. Мен бұл жаққа келгелі өмірге деген көзқарасым өзгере бастады. Оқуым аяқталғаннан кейін Америка мен Қазақстанды байланыстыратын жұмысқа тұрсам деген ниетім бар. Себебі, бұл жақтың беретін мүмкіндіктері өте жоғары. Дамып, өсуге көп септігін тигізеді. Әрине елге де өз пайдамды тигізіп адал еңбек еткім келеді. Бірақ мамандығым бойынша осы мемлекет маған тиімді. Бұл жақтың Қазақстаннан тағы бір ерекшелігі мұнда халықтың дауысы маңызды. Яғни, өкіметке халықтың ойы бірінші орында тұрады”-дейді ойын тұспалдап жеткізген кейіпкеріміз.

Қарап отырсақ жастардың шет елге шығуына барлық жағдайды өзіміз жасап беріп отырмыз. “Болашақ” бағдарламасы арқылы өзің қалаған елде біліміңді мемлекет бөлген ақшамен тегін алып келсең болады. Десек те осы бағдарлама аркылы оқуын оқып алып, елді мол шығынға батырып шет елде қалып қойып жатқан қандастарымыздың саны көбеймесе азаймай тұр. Керісінше білімін елге инвестиция ретінде құюдың орнына, шетелдің шекпенін көтеріп жүр. Ақылдың ағуы деп осыны айтсақ болатын шығар..

Әрине кім қайда білім алып,қай жерде жұмыс жасаса да өз еркінде екені сөзсіз. Дегенмен, «бәлен жерде алтын бар» екен деп,өзге елде сұлтан болғанша ,өз еліңде ұлтан болғанға не жетсін?!

Ақбаян Алпысбай,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 4 курс студенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз