Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Баланың бәрі бақытты болуы үшін жаралған»…

Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы – жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге қорған.

«Баланың бәрі бақытты болуы үшін жаралған» деген қағиданы берік ұстанатын «Шаңырақтың» ұжымы ертеңгі ел үміті саналатын бүгінгі ұрпақ үшін жан аямай тер төгуде. Талай бейкүнә сәбиге пана болған бұл шаңырақтың орны қашан да ерекше. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыстық отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінің директоры Гүлсара БОТАТАЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.

– Гүлсара Аманғалиқызы, әрбір балаға отбасы ауадай қажет. Осы орайда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастыру мәселелері бүгінде қалай жүзеге асуда?

– Қазір балаларды отбасына орналастыру мәселесі – өте ауқымды жұмыс. 2014 жылдан бері қабылдаушы ата-аналар мектебі жұмыс жасайды. 2017 жылы «Ана үйі» қоғамдық қорының жанынан «Жанұя» асырап алуды қолдау жобасы ашылды. Еліміздің 17 қаласын қамтитын бұл жобада баланы отбасына қабылдауға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, 2017 жылдан бері жаңартылған деректер базасы жұмыс жасайды.

Мұнда жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың мекемеге келіп түскеннен бастап барлық мәліметтері енгізіледі. Тәрбиеленушілердің 80 пайызы ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандықтан, заңдылық бойынша ата-анасы, туған-туыстарымен кездесуге құқылы. Осы орайда әрбір жұма күні «Ашық есік» күні өтеді.

Баланы отбасына беруде ең алдымен биологиялық отбасына немесе туған-туыстарына жіберу алға қойылады. Өткен жылдан бастап 4 бала Солтүстік Қазақстан облысына қабылдаушы отбасыда тәрбиеленуде. Бір отбасының 4 баласын өз анасына қайтарып беру қарастырылуда. Бұрын әлеуметтік жағдайының төмендігінен ата-аналық құқығы шектелген ананың құқығын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Әйелді пәтер кезегіне тұрғызып, әр балаға жәрдемақы алуға, жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасалды.

– «Қайырымдылық – асыл қасиет» дейміз. Бұл ретте сәбилерді жәутеңдетпей, оларға аялы алақанның жылулығын көрсетуде қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Биыл ата-анасы қайтыс болған бір қызымыз колледжді үздік аяқтауда. Әрі қарай жоғары оқу орнына түсуге де қолдау қарастырылуда. Жақсылық жасауға ұмытылып тұратын абзал азаматтар табылып жатады. Мәселен, «Теңізшевройл» компаниясының «Ынтымақ» қайырымдылық қорымен ағылшын тілін ересек балаларға тереңдетіп оқыту, жасөспірімдер үйіндегі тәрбиеленушілерге әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары жүргізіледі. 2014 жылдан бері волонтерлік топта ерте жастан ағылшын тілін үйренуге, қол моторикасын дамытуға бағытталған жұмыстар бар.

Сондай-ақ, жеке кәсіпкердің демеушілігімен мектеп жасына дейінгі бес бала жекеменшік балабақшаға орналастырылды. Оларды тасымалдауды да кәсіпкер өз міндетіне алды.

– Әр балаға ана болып, мұндай ұжымға басшылық ету оңай шаруа емес. Бұл ретте атқарып жатқан ісіңіз сізге қиындық тудырмай ма?

– Бұл аса жауапкершілік пен төзімділікті қажет етеді. Осынау талап үдесінен шығып, кездескен қиыншылықтарды ұжыммен бірге игеріп жатырмыз. Әрбір бала – ертеңгі болашағымыз. Әр баланың жүзіне қуаныш ұялату – басты мақсат. Ауызбіршілігі мықты, жүрегі мейірімге толы ұжымның арқасында осы міндеттерді бірге жүзеге асырудамыз.

– « Ш а ң ы р а қ т а » балалар бос уақытын қалай өткізеді? Оларды өнерге, шығармашылық жұмыстарға бейімдеу шаралары жөнінде білсек…

– Әрбір тәрбиеленушінің бос уақытын тиімді пайдалануы маңызды. Геологтағы спорт кешенінде 20 бала 8 спорт түріне қатысады. Қайыршақты саз мектебінде сурет, хореография, музыкалық аспаптарда үйрену үйірмелерімен де қамтылған. Ал, балалар ауылында қолөнер бұйымдарын жасауға дағдыландыру жолға қойылған. Қолдан жасалған әртүрлі дүниелерді өзімізге қайырымдылық көрсеткен азаматтарға алғыс ретінде сыйға тарту дәстүрге айналды.

– Ал, балалар жазғы демалысын қалай өткізеді? Оларға ерекше көңіл-күй сыйлауда биыл қандай жаңашылдықтар бар?

– Биылғы оқу жылын балалар жақсы көрсеткіштермен тәмамдап, жазғы демалысты е р е к ш е ұ й ы м д а с т ы р у жоспарланды. Ресейдің Железноводск қаласындағы « Қ а з а қ с т а н Г е о л о г і » пансионатына 7-14 жас аралығындағы 30 бала жіберіледі. Балаларды еңбекке баулу мақсатында биылдан бастап 16 жастағы тоғыз жеткіншек «Жасыл ел» жасақтарында қызмет етеді.

Шілдеде Алматы қаласындағы «Таң нұры» демалыс лагеріне 30 бала демеушілердің көмегімен барғалы отыр. Үш тәрбиеленуші үшін Түркияға саяхаттауға жолдама қарастырылуда. Сонымен қатар, «Шаңырақта» жаз мезгілінде ересек балаларға арналған шеберхана жұмыс жасайды. Мұнда құрақ құрау, іс тігу үйретіледі.

Әңгімелескен:

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Бүгінде «Шаңырақта» 4-18 жас аралығында 57 бала тәрбиеленуде. Ал, жасөспірімдер үйінде 18-23 жастағы 21 жеткіншек бар. Соңғы үш жылда 26 бала қорғаншылыққамқоршылыққа өз отбасына жіберілді. Ал, биыл бес бала өз жанұясына қайтарылды.


Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button