МҰСЫЛМАН ӘЙЕЛДЕР МӘУЛІТТІ МЕРЕКЕЛЕДІ

Атырау қаласындағы «Құспан молда» мешітінде атыраулық мұсылман әйелдер Мәуліт мерекесін атап өтті.

Осыған орай өткен сенбіде ғибадат үйіне жиылған жамағатты орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров Мұхаммед пайғамбардың туған күні – Мәуліт мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жолдады. Ата дініміз – Ислам дініндегі бұл күннің алатын орнына, мәні мен маңызына тереңірек тоқталып, мағынасына үңілді. Мұндағы басты мақсат – Алланың жердегі елшісі, асыл дініміз бен қасиетті Құранымызды дәріптеп, осы күнге жеткізуші Мұхаммед пайғамбардың есімін ұлықтау, оның атына салауат пен мадақ айту, өнегелі де, ғибратты, тағылымды өмір жолын кейінгі ұрпаққа өнеге қылу болып табылатынын атап айтты. Соған байланысты оның хадистерінен үзінділер келтіріп, құран аяттарының мағынасына тоқталды. Ғибратқа толы уағыздар айтып, жиналғандарды имандылыққа, инабаттылыққа ұйытты.

 Мәулітті мерекелеуші мұсылман әйелдер тақырыппен үндес өлең-жырларды оқып, әндерді шырқады. Құран Кәрімнің сүрелерін жатқа айтып, қасиетті кітапты қаншалықты меңгергендіктерін байқатты. Ізгі ниет, игі тілектерімен бөлісті. Мешіт жанындағы медресе ғимаратында дастархан жайылып, дәм тартылды, дұға оқылды.

Дәулетқали АРУЕВ.   

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз