“Шектелме” жобасының 3-ші кезеңі аяқталды

2b319069 f5e7 434f a1c8 0981079e9d30 Жаңалықтар

Атырау облысы Жылыой ауданының жастарына SMM, копирайтинг, таргет және графика дизайнын тегін үйрететін “Шектелме” жобасының 3-ші кезеңіне қатысушылар сертификатталды.

“Жаңаша” қоғамдық қоры ұйымдастырып жатқан жоба “Теңізшевройл” компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Курстар ай сайын ауылдық округтерде өткізіліп тұрады.

Қатысушылар арасында 3 бағыт бойынша қатар оқып, өзін жан-жақты дамытып жатқан белсенді жастар жетерлік. Соның бірі – Жем ауылдық округінің тұрғыны  Мөлдір Жапалова.

– Менің негізгі мамандығым – психолог. Бүгінде бала күтіміне байланысты демалыстамын. Жоба Ақкиізтоғайдан бастау алды, алғашқы кезеңде графика дизайны бағыты бойынша оқыдым. Маусымда өзім тұратын Жем округіндегі курсқа да қатысып,  копирайтингті үйреніп алдым. Енді, міне, Жаңа Қаратоннан SMМ, таргетті оқып, сертификат иелендім. Жоба туралы естіген кезде мұның бізге берілген мүмкіндік екенін, оны барынша пайдалануым керегін түсіндім. Аз уақыттың ішінде 3 онлайн-мамандықты меңгеріп шықтым, осыдан соң табыссыз қалмасым анық, – дейді ол.

Жаңа Қаратондағы курсқа  70-тан астам қатысушы тіркелген. Соның 35-і игерген білімін растап, сертификат алды.

Бүгінде жобаның төртінші кезеңіне қабылдау басталды. Сабақтар Қараарна ауылдық округінде өтеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз