Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Баланың бос уақыты оны тиімді өткізу басты талап

 

Аудандарда балалардың спортпен айналысуына қандай жағдай жасалуда, балғындардың еңбегін қанауға қарсы күрестің нәтижесі нендей, оқушылардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылды? Осы сауалдар облыстық әкімдікте өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында ортаға түсті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Әлібек Нәутиев жүргізіп отырды.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-041

Стадионы  жоқ  Индер

Махамбет ауданындағы мектептерде сабақ алдында 15 минуттық денешынықтыру жаттығуы өтеді. Күнделікті әдетке айналған шараға оқушылар түгел қатынасады екен. «Жас ұрпақты есірткі, ішімдік, темекі секілді зиянды заттардан сақтандыру бүгінде өзекті болуда. Өйткені, қоғамда кездесетін үлкенді-кішілі қылмыстардың дені осындай келеңсіздіктердің кесірінен орын алады» деді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Азамат Айманакумов.

Балғынның денесін сергітіп, оқуға ынтасын арттыратын жаттығудың пайдалылығын дәрігерлер де құптайды. Дегенмен, бұл жергілікті жердегі бұқаралық спортты насихаттаудағы шаралардың бір көрінісі ғана. Түрлі жарыстар, кездесулер, «дөңгелек үстел», тренингтер ұйымдастырылып, оған жасөспірімдер мейлінше көбірек тартылып отыр. Индер ауданындағы жағдай туралы да осыны айтуға болады. Мұнда 66 спорт секциясы жұмыс жасайды. 1673 оқушы дзюдо, еркін күрес, қазақша күрес, бокс, футбол, волейбол секілді үйірмелерге қатынасады.

Алайда, Индер ауданының спортын дамытуда кездесіп отырған проблема бар. Ол – стадионның жоқтығы. Аудан әкімінің орынбасары Әлиполла Балахметов аталған спорттық нысанның керектігі өмірдің қажеттілігіне айналғандығын айтты. «Есбол» деп аталатын ірі елді мекендегі денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы да аяқсыз қалып отыр. Ал, мұның бәрі бұқаралық спортты өркендетіп, салауатты өмір салтын орнықтыруға кедергі келтіретіні шын.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев көтерілген мәселелердің аяқсыз қалмайтындығына тоқталды. Жергілікті жағдаймен жақсы таныс басшы Махамбет, Индер аудандарындағы бұл бағыттағы елеусіз қалып жатқан тұстарға да көпшілік назарын аударды.

– Мектептерге көмек ретінде берілген құрал-жабдық, заттардың есебі көбіне алына бермейді. Оқу орнының иелігіне де өте қоймайтыны бар. Кейін сол білім ошағының директоры ауысқан жағдайда бағалы дүниелерді таба алмай қаламыз. Сондықтан, мұндай құбылысқа жол бермеу шараларын қолға алуымыз қажет, — деген комиссия төрағасы Әлібек Ибатоллаұлы білім саласына бөлінген қаражатты игеру, тиімді пайдалану турасында баяндады.

 

Бақыламаса, бала кетеді

Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Мұрат Демегенов бала еңбегін қанауға қарсы алынған шараларды айтып берді.

– Кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстардың саны биыл 40,6 пайызға төмендеді. Ішкі істер бөлімдеріне 2213 жасөспірім әкелінсе, соның 1856-ы әртүрлі әкімшілік құқықбұзушылық жасаған, — деді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары.

Тәртіп сақшысының пікірінше, бүгінде беймезгіл уақытта жүретін жасөспірімдердің саны азаймауда. Мәселен, қоғамдық орындар мен көшелерде кешкі сағат 23.00-ден кейін ата-анасыз қыдырған 1504 жас өскін тоқтатылған. Ал, 80-і түнгі уақытта ойын-сауық орындарын жағалапты. Қазіргі күні олардың ата-анасына әкімшілік шара алынуда. Тұрақты түрде ұйымдастырылатын рейдтер де қараусыз қалған балаларды анықтап отыр. Бұл ұл-қызын қадағаламаған кейбір әке-шешенің жауапкершілігі төмендігін көрсетеді.

 

Лагерьдегі  демалыс

Биыл облыста төрт лагерь жұмыс жасады, ол 3758 оқушыны қамтыды. Бейіндік және дебаттық, шипажай үлгісіндегі, мектеп жанындағы лагерьлер де ұйымдастырылып, өз қызметтерін атқарды.

– Жаз мезгілінде жергілікті бюджеттен пансионатта 1000 баланың тегін демалуына қаржы бөлінді. Бұдан басқа Атырау облысында  жазғы кезеңдік (қала сыртында орналасқан) «Тұлпар», «Жас өркен», «Арай» лагерьлері жұмыс жасады, — деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова.

Жазғы демалысты ұйымдастыруда «Ембімұнайгаз», «Теңізшевройл», НКОК, «Аджип Қарашығанақ» компаниялары белсенділік танытыпты. Олар осы жолы да демеушілік көмегін көрсетіп, үлкен іске мұрындық болған. Оқу орындары жанынан ашылған үйірмелер, жазғы тілдік мектептердің жас буын өкілдерінің демалысын мазмұнды өткізуге тигізген үлестері ерекше. Дегенмен, бұл бағыттағы түйінді тұс аула клубтарының жоқтығы болуда.

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Азамат Базарбаев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button