«ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТ» – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

«Электронды үкімет порталы» арқылы қызметтерді орындай білу – қазіргі заман талабы. «Электронды үкімет» порталы  арқылы жұмыс жасау уақыттың тиімділігін арттырады. Десек те, бұл қызметтің  бірқатар күрмеулі  түйіндері  де  баршылық.  Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ғимаратында өткен «дөңгелек үстел» басындағы  әңгіме  барысында осы мәселелер төңірегінде сөз болды.

 

Мемлекеттік мекемелер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, еншілес кәсіпорындар, адвокаттар, басқа да орган өкілдерінің қатысуымен өткен жиынды аталмыш соттың судьясы Ілияс Садбан жүргізіп, кейінгі  жылдары  мемлекет  электронды үкіметке баса көңіл бөліп отырғанын айтты. Оның айтуынша, бүгінгі күні сотқа жалпы 2 672 арыз-шағым түскен болса, оның 120-сы ғана электронды портал арқылы жіберілген. Осы орайда соттың кеңсе меңгерушісі Шолпан Амантаева портал арқылы жіберілген арыздардың көбі  облыстық  Салық  департаменті мен  облыс бойынша Экология департаментінен екенін, басқа мекемелерден ешбір  құжат  түспегенін  айтты.  Бұл бүгінгі күннің талабына сәйкес көрсеткіш болмай  отыр. Сондықтан, электронды үкіметтің тиімділігін  пайдалануды  арттырған жөн. Бұл үшін халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізу әлі де қажет.

Атырау облысы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы Аман Байдуллин «электронды үкімет» порталы арқылы берілген электрондық талап-арыздарды  және  басқа   да  электронды құжаттарды жөнелтудің әдістерін компьютер тілінде қалай жүзеге асыру керектігін түсіндіріп берді. Қандайма болмасын шағым, арыздарды сотқа жеткізу үшін қағаз түрінде тасып, құр уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Электронды кілт пен ЖСН арқылы бұл әрекеттерді тез орындауға болады.

Десек те, жиынға қатысушылар порталға тіркеуге кіргенде мемлекеттік баж салығын төлеуді талап ету қиындық тудырып отырғанын алға тартады. Дәлірек айтқанда, тіркеуге қажетті мәліметтерді енгізуде салықтың төленгенін растайтын түбіртектің де сканерленген нұсқасын жібереді, болмаса банк карточкаларының нөмірін енгізу  арқылы төлейді. Әрі қарай қажетті қадамдар толық аяқталғасын тиісті мекемеге құжат жөнелтілгенмен, қабылданбай қалатын кездер кездеседі. Осы кезде порталға қажетті мәліметтерді қайта жазуда алғашқы баж салығының төленгені жөніндегі түбіртек екінші рет пайдаға аспай қалады. Сөйтіп, салықты қайтадан төлеу керек болады. Ал, бұл дегеніңіз заңды тұлға үшін де, жеке тұлға үшін де шығын екені рас.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар осы мәселеге баса көңіл аударып, баж салығын мүлдем алып тастау жөнінде  ұсыныс  білдірді.  Сондай-ақ,  мекемелерге  «құжаттарды      электронды түрде қабылдауды талап етіңдер» деген тапсырма берілгенімен, құжаттарды көбіне қағаз түрінде жіберу ыңғайлы екені айтылды. Облыс бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының бірінші орынбасары Тұрлан Нұржанов айтылған ұсыныстар қабылданып, оның аяқсыз қалмайтынына сендірді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз