Жарнама
Жаңалықтар

Баланы тәрбиелейтін тамаша әдіс

Би өнері балаларды тәрбиелеу мен дамытудың тамаша әдісі саналады. Ол жас өреннің жеке тұлға ретінде ашылуына көмектеседі. Қозғалыс, музыка және ойынның үйлесімділігі жағымды көңіл күй тудырады.

Осы орайда қаламыздағы «Жібек жолы»  балаларды шығармашылық дамыту орталығында 500-ге жуық бүлдіршін осынау биік өнердің қыр-сырын үйренуде. Орталықта балалар бірнеше топқа бөлінген. Жетістіктері де баршылық. Жас таланттар республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.

Жуырда орталықтың 6-9 жас аралығындағы балалардан құралған 2 би тобы Түркияның Стамбул қаласында өткен «Istanbul autumn festival» халықаралық фестиваліне қатысып, жүлдемен оралды. Ән, би, домбыра тарту бағыттары бойынша сынға түскен байқауда Ресей, Түркия, Өзбекстан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас дарындар өз өнерлерін ортаға салған болатын. «Еркеназ» би тобы қазақ биін мың бұрала билесе, «Сладкое варенье» тобы эстрадалық жанрдағы биді нақышына келтіре орындады.

Қазылар алқасының мүшелері мыңға жуық қатысушылардың ішінен атыраулықтардың өнерін жоғары бағалаған. Нәтижесінде «Еркеназ» би тобы I орынды қанжығаға байласа, «Сладкое варенье» тобы II орынды еншіледі. Би тобының тәлімгері Саяжан Саясат мұндай сайыстардың оқушылардың өнерге деген құлшынысын арттыратынын айтады.              

– Қыздарымыздың тамаша талантына тәнті болдық. Әсіресе, өзге елдерден келгендер біздің ұлттық киімімізге тамсанып, таңдай қағыпты. Шетелдің мәдениетімен, сұлу табиғатымен танысқан бүлдіршіндеріміз елге үлкен әсермен оралып отыр. Баланың талабын қай кезде де қолдаймыз. Дұрыс бағдар беріп, бойларындағы қабілетті ұштаған ұстаздарына ерекше алғысымызды білдіреміз, — деді ата-аналар атынан сөз алған Гүлмая Ізбасханова.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button