
Балабақшада өндірістік тәжірибеден өтушілерге қаржы төленеді
Атырау қаласында өткен мектепке дейінгі білім беру мекемелері, колледждер және жоғары оқу орындары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты орнату мақсатында педагогтердің ІІ республикалық слеті өтті.
Басқосуда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы, ректор Саламат Идрисов өзі басшылық ететін оқу орны мен балабақшалардың арасындағы байланыстың жоғары екенін атап өтті.
— Жалпы жоғары оқу орындарында студенттер бірінші курсқа келгеннен бастап әр ай сайын міндетті түрде тәжірибелерін жетілдіреді. Екіншіден, осы мамандықты бітірушілердің болашақта балабақшаға жұмысқа орналасуына жағдай жасалады. Сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелер тарапынан оларға қосымша қаржы төленеді. Яғни олар білімін тәжірибе жүзінде өтеп қоймай, қосымша табыс табуға мүмкіндіктері бар. Қазір бұл салада тәрбиешілерге сұраныс көп, — деді С.Идрисов.
Республика Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту институтының директоры Мария Ерманова дені сау, дербес, білуге құмар жас ұрпақты ата-аналармен ықпалдастықта тәрбиелеудің маңыздылығынатоқталды.

–Елімізде соңғы он жылдықта мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен балаларды қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілді. Үкімет қаулысымен мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамытудың моделі әзірленіп, бекітілді. Педагогтердің балаларды тәрбиелеу және дамыту жұмысы сабақ кестесімен сабақтардан балалардың қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне, мүмкіндіктеріне сәйкес күні бойы ойын түріндегі ұйымдастырылатын әрекеттерге ауыстырылды. Еліміздің қарқынды даму жағдайында білім беру жүйесі өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Сондықтан әрқашан педагогикалық шеберлігімізді жетілдіріп, бала жүрегіне жаңа жол таба білейік, — деді М.Ерманова.
Сондай-ақ слетте мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде маман тапшылығы да айтылды. Бұл мәселені жеделдете шешуде Х.Досмұхамедов университеті өңірдегі мекемелермен болашақ мамандарды бірлесе дайындау ісін қолға алған.
Слет барысында 15-ке жуық спикер қатысушыларға аталған саладағы өзекті мәселелерді шешудің жолдарын, білім беру ісіндегі озық тәжірибелерді таныстырды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН