Баға – тұрақты бақылауда
Atr.kz/11 тамыз, 2020 жыл. Шектеу шаралары кезінде азық-түлік бағасының тұрақтылығы – басты назарда. Халық көп тұтынатын тауар бағаларының бірқалыпты болғанын бәріміз де қалаймыз. Осы жағдайға көз жеткізу мақсатында сауда орындарын аралап көрдік.
Тауар құнында өзгеріс бар ма?
Атырау өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы қымбаттағаны байқалады. Облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Айнаш Есжанованың айтуынша, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының баға индексі 105,7 пайызды құрады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, рожки өнімі – 2,1 пайызға, қарақұмық – 0,6 пайызға, жұмыртқа – 2,4 пайызға өскен. Ал, өткен жылғы мерзіммен салыстырсақ, құны жоғарылаған тауарлар тізімінің көшін картоп өнімі бастап тұр. Бұдан кейін қымбаттаған көкөністің бірі – пияз. Қарақұмық, сәбіз, сары май өнімдерінің бәсі де көтерілген.
Жаңа тәсілге көшті
Облысымызда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуге септігін тигізіп отырған тұрақтандыру қоры бар. Жыл басынан бері халықты арзан өніммен қамтамасыз етіп келген оның өнімдері мамыр айында таусылған болатын. Келесі жылдың жинағын күз айларында қайта толтыратын аталған қор осы аралықта баға тұрақтылығын сақтаудың жаңа тәсіліне көшті. Оның жұмысын реттейтін «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етудің басқа жолын қарастыруда. Осы мақсатта ірі көтерме сауда орындары мен супермаркеттерге төмен пайызбен қарыз беру бағытында жұмыс жүргізе бастады. Яғни, кәсіпкерлік субъектілерге жеңілдетілген несие беруді қолға алды. Осы орайда, Атырау қаласы төңірегінде – 33, аудан орталықтарында 3 сауда дүкені бар «Идеал Маркет» ЖШС-імен екі жақты келісім-шартқа отырып, келісім негізінде серіктестікке 400 млн. теңге көлемінде нысаналы қарыз (займ) берілді. Қазір ірі сауда орындар желісі бар компания бірнеше айдан бері әлеуметтік маңызы бар 15 түрлі азық-түлік тауарын нарық құнынан төмен бағамен сатуда. Бұл тауарларға: күріш, қант, рожки, қарақұмық, күнбағыс майы, сары май, нан, айран, сүзбе, тұз, жұмыртқа, сүт, тауық еті, сиыр еті (жауырынтөс бөлігі), бірінші сұрыпты ұн жатады. Яғни, мұнайлы өңір тұрғындары осы тауарларды кез-келген «Лидер», «Идеал» дүкендерінен нарық бәсінен төмен бағада сатып алуларына болады.
Сары түспен айқындалған
Жұртшылыққа арналған осы жеңілдіктің қаншалықты жүзеге асып жатқандығын білу мақсатында біз «Лидер-Авангард» дүкеніне бас сұқтық. Үлкен серіктестіктің бір бөлшегі болып табылатын орта көлемдегі сауда орны бүгінде карантин кезеңіндегі талаптарға сәйкес қызмет көрсетуде. Кірер ауыздағы күзет қызметі әрбір келушіде бетперде болуын қатаң қадағалап тұр. Антисептикалық сұйықтықтарды пайдалану мүмкіндіктері де қарастырылған. Дүкендегі азықтүлік бөлімін аралағанымызда баға көрсеткіші сары түспен айқындалған тауарларға көзіміз түсті. Өзге түспен бөлектенгендері – тұрақтандыру қорымен арадағы келісімшартқа сәйкес қойылған бағалар екен. Әр тауар өздерінің жиналу, сақталу талаптарына сай, тиісті орындарына орналастырылған. Сары баға көрсеткіші де дүкеннің әр жерінен қылаң береді. Сауда орнына келгенімізде әлеуметтік маңызы бар негізгі өнімдердің кейбірінің қазіргі бағасын бағамдадық. Бұл дүкенде көпшіліктің сұранысына ие күріштің бір келісі 225 теңге болса, қант (құмшекер) 203 теңге тұрады. Ал, тауықтың сан еті 700 теңге деп көрсетілсе, жұмыртқа 22 теңгеден сатылуда. Жоғарыда айтқанымыздай, бағасы шарықтаған тізімнің алдыңғы легінде тұрған рожки өнімі 190 теңгеге бағаланған. – Өзімізге қажетті азық түлік тауарларын әрдайым осы дүкеннен аламыз. Мұнда тағамның көп түрі өзге сауда нүктелерімен салыстырғанда, едәуір арзан. Қазіргідей қиын кезеңде жергілікті әкімшіліктің халықтың қамын ойлап, осындай жеңілдіктер жасағаны құптарлық жайт, — деді қала тұрғыны Жадыра Бағытжан.
Баға көрсеткішіндегі алшақтық
«Өзге сауда орнында осы тауарлар қандай бағада сатылуда екен?» деген қызығушылық бізді сол маңдағы «Ярмарка» әмбебап дүкеніне жетеледі. Бетпердемізді тағынып, бұл дүкенді де қарап шықтық. Қаз-қатар тізілген қатарларды аралай жүріп, бұл сауда нүктесіндегі күріш – 275 теңге, қант (құмшекер) – 225 теңге, тауықтың сан еті – 800 теңге, жұмыртқа – 28 теңге, рожки – 305 теңгеден екенін білдік. Баға айырмасында айтарлықтай алшақтық бар. Жабық сауда орындарындағы азық-түлік бағасының жағдайын білген соң, «Көктем» базарының ауласында жеміс-жидек, көкөніс, бау-бақша өнімдерін сататын орынға келдік. Ашық аспан астында орналасқан сауда орнында тұтынушылар саны көп екен. Бақша өнімдерінің піскен мерзімі болғандықтан, базардан жаяулап шыққандардың көпшілігі қарбыз, немесе қауынды көтеріп бара жатыр. Тізбектеле орналасқан саудагерлердің тауарын қарап келеміз. Бұл жерге осыдан төртбес күн бұрын келіп, тауар сатып алғандықтан, сол кез бен қазіргі бағаны іштей салыстырдық. Сөйтсек, базардағы өнім бағалары біраз қымбатсыпты. Қарбыз бен қауын, қызанақтардың құны жоғарылағаны байқалады.
«…жаңбыр себеп болды»
Базарда жүріп осы жағдайдың себебін білмекші болып, сатушыларды сөзге тартқанбыз. Олардың бірі бағаның көтерілуіне «екі күн бойы жауған жаңбыр себепші болды» деді. Жаңбыр суының кеппеуінен егіс алқабындағы өнімді жинау қиындап кетіпті. Тағы бір сатушы «қымбатсудың себебі – алғашқы науқанда шыққан өнімнің азаюынан» деп жауап берді. Дегенмен, бұл айтылғандарға илана қоймадық. Мұның себебін табиғаттың құбылысына, жауатын жауынға байланыстырып қойғанға сеніңкіремедік. Қалай еткенде де азық-түлік бағаларының бақылауда болғаны маңызды. Айтпақшы, базардан шығар кезде біз бір-екі қарбыз құшақтай кеттік. Мұндағы ойымыз, келесі аптада қайта келгенімізде оның құны қаншалықты өзгеруін білу мақсаты еді.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ