Ядролық қарусыз әлем – Елбасы манифесінің мәні неде?

   Қазақстан – ядролық арсеналдан өзі бас тартқан әлемдегі бірден бір мемлекет. Жарылыстан көз ашпаған қазақ даласындағы соны шешім – осыдан 25 жыл бұрын қабылданған еді. Енді, міне, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Венада өткен МАГАТЭ конференциясындағы «ядролық қарусыз әлем құру» туралы бастамасы дүниежүзілік қолдауға ие болып отыр.

    Осы құжатқа пікір білдірген Конгоның атом энергиясы жөніндегі комиссиясы департаментінің директоры Казади Кабуя: «Менің ойымша, ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуге болады. Қазақстан Президентінің манифесін дүние жүзі елдері білуі тиіс. Жапонияда не болғаны баршамызға аян. Болашақта біз балаларымыздың қандай әлемде өмір сүретіндігін ойлауымыз қажет» деген еді. Осыдан 71 жыл бұрынғы ядролық шабуыл, басқа зардаптарды айт-пағанда, Хиросиманың өзінде – 166 мың адамның, Нагасакиде 80 мың адамның көз жұмуына алып келген болатын. Экономикасы қуатты деген Жапонияның өзі сол апат салдарымен күні бүгінге дейін күресумен келеді.
Ядролық қару салқыны бір кездері Қазақстанды да айналып өтпеді. Деректер Кеңес Одағы кезінде Семей полигонында ядролық сынақ жүргізу үшін 18 миллион гектар (!) жер бөлінгенін және бастапқыда адамдарға, қоршаған ортаға тікелей зардабын тигізген ашық сынақтардың жасалғанын айтады. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. Тайсойған, Азғыр полигондары да халыққа оңай тиген жоқ. Тәуелсіздікке дейін жабық күйінде ұсталып келген «Хрустальді бала», «құмырсқа-адам», яғни бір кездері сынақ алаңында болғандар және олардың қа-сіретті тағдыры туралы тақырып өз алдына бөлек әңгіме.
Осы ретте, Елбасы манифесі өзектілігінің қарапайым ғана қағидаларын атап өткіміз келеді. Біріншіден, ядролық қарусыз әлем құру идеясы – қажеттілік. Себебі, әлемде қалыптасқан геосаяси ахуал біз ойлағаннан да күрделі. Кей мемлекеттер арасындағы қырғи-қабақтық, ядролық қаруды пайдалану сияқты тосын жағдайларға алып келуі мүмкін. Екіншіден, ядролық энергияны бейбіт мақсатқа пайдалану – ғылымның дамуына, өркениетке жетелейді. Үшіншіден, ядролық қарусыз әлем – ұрпақ болашағы үшін керек.
  Бірінші, екінші дүниежүзілік соғыстар өз алдына, әсіресе, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы соғыс қасіретінің қандай болатынын жақсы біледі. Сондықтан, ұрпағын ойлаған кез келген ел бейбіт болашаққа бүгіннен қадам жасауы тиіс.
Рас, ядролық қарудың әлемдегі ең көп бөлігіне иелік ететін АҚШ пен Ресей осы мәселедегі саясатымен қоса, бюджетті қайта қарастырып жатыр. Ядролық арсеналға ие Қытай, Ұлыбритания, Франция, Үндістан, Пәкістан елдері де, АҚШ пен Ресейдің нақты шешімдерінен кейін ізгі мақсатта әрекет етуге дайын. Демек, Қазақстан Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр манифесі» жаһанға ядролық қарудан бас тартудың өзектілігін тағы бір мәрте еске салды және бейбіт болашақ құру жолындағы «карт-бланш» болды деуге толық негіз бар.

Тақырыпқа орай
Мұрат Жұрынов, ҚР Ғылым Академиясының президенті:

Біз даналық таныттық

 – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ядролық қаруды таңбалап, бір жерге жинау қажет» дегені Қазақстанға тағы да үлкен бедел береді. Мұның екінші жағы да бар. Біріншіден, біздің қолымызда ядролық арсеналды бақылау мүмкіндігі тұрады. Екіншіден, көлемі жөнінен әлем бойынша 4-ші саналатын ядролық қарудан еліміздің бас тартуы көрегендік болды. Әйтпесе, қаптаған санкциялардан көз ашпаған Иранның кебін киер едік.
***
   Марина Сладкова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы Болон процесі өңірлік орталығының бас маманы:
БҰҰ үшін бас құжатқа татиды
– Әлемде қалыптасқан ахуал көптеген елдер экономикасының тұралауына, тіпті, кей мемлекеттер арасында қырғи-қабақ көзқарастардың қалыптасуына әкеліп соқтырып отыр. Оның соңы экономикалық санкцияларға да ұласуда. Бұған, әрине, тосқауыл болуы керек.
Бұл мәселе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде жан-жақты сараланды. Ендігі жерде БҰҰ осы манифестегі басым бағыттарды басшылыққа алса, әлемде бейбітшілік орнатуға әбден болады.
P.S. Биыл – ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі датасы. Тәуелсіздік жылдарында нарықтық экономикаға көшкен еліміз қуатты мемлекет құру жолында көптеген табыстарға қол жеткізді. Әлеуметтік мемлекет құрдық. Білім арқылы болашаққа инвестиция салдық. Ең басты жетістігіміз – біз өзімізді бейбіт ел ретінде таныттық. Семей ядролық полигонының жабылуы – бейбіт әлем құру жолындағы Қазақстанның бірегей қадамы. Демек, Елбасы манифесі де ядролық арсеналға ие әлемнің алпауыттарын ойландыруы тиіс.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз