БАҚЫТТЫ БОЛАШАҚ – БЕЙБІТШІЛІКТЕ!
(Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесінен туған толғаныс)
«Ядролық қару – адамзат үшін өз-өзіне ажал шақыру. Осы тұрғыдан алғанда, әскери ядролық қуатқа ие болуға ұмтылу – барып тұрған күпірлік. Ядросыз әлем – адамзат ұмтылуға тиіс біздің ортақ мақсатымыз»
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Қазақстан халқы Ассамблеясының 29 тамызда «Ақ орамал» республикалық акциясын өткізу туралы бастамасы жанымды тебірентті. Оның маңызы Семейдегі «Өлімнен де күшті» монументінің мазмұнына терең үңілгенде бұрынғыдан да айқын аңғарылады. Өйткені, ескерткіштің идеясының өзі көп жайды үнсіз ұқтырғандай: Қақ айырылған Жер-Ананың өзегінде бауыр еті – баласын қорғаштаған Әзіз-Ана бүктетіліп отыр. Әлем жұрты ядролық қарудан түбегейлі бас тартпаса, барша адамзатты өз төсінде әлдилеген Жер-Ананың да осылай төрт бүктетіліп қалмасына кім кепіл? Сонда кінәні кімнен іздейміз? Бетін әрмен қылсын, ойлаудың өзі қорқынышты! Мұндай сәттерде:
«Ұлдарыңның қайда кеткен құрығы,
Қыздарыңның қайда кеткен бұрымы?
Мейірімге зарықтырған заман-ай,
Заман-ай,
Заман-ай,
Туған жердің лайланды-ау тұнығы…» — деген мұңды ән сазы да сананы қамшылай түседі…
Қайталанбасын Хиросима қасіреті!
…Тарихы, тым әріні айтпағанда, Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың туған жері деп қастерленетін, 1917 жылы осында Алаш мемлекетін құрған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтардың есімдерімен тығыз байланысты бұл қасиетті топырақ не көрмеді десеңізші. Көне шаhар төңірегі бүгінде талай тылсым сырды әлі де ішіне бүгіп үнсіз жатқанымен, еліміз тәуелсіздігін алғалы бері біраз шындықтың көбесі шырқырай сөгілді. Ең бастысы, Семей жерін күңіренткен ядролық жарылыстардың ақиқаты аймандай ашылып, көп құпия жария болды. Өз басым халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының Атырау облысындағы қоғамдық негіздегі үйлестірушісі ретінде сол көне шаhарға бірнеше жыл қатарынан барып, осында өткен «Экология. Радиация. Денсаулық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға сан мәрте қатыстым.
… Семей жеріндегі сол бір күндердің бірінде Нагасакиден келген профессор Шибата Иошисадамен тілмәш арқылы жеке тілдесудің сәті түскен. Ақселеу шашты, бойы да тым бәкене, өзі тым әлжуаз оның түрі де боп-боз.
— Сіз де, сіздің көмекшіңіз де, қала мэрінің орынбасары да әлжуаздау көрінеді. Жапондардың бәрінің тұрқы осындай ма? – деп әзіл қыстырдық бойымыз үйреніскен соң.
— Бәлкім, бұл да атом бомбасының зардабы шығар, — деді қысық көздері одан әрі жұмыла күлген ол. – Мен осы мәселені зерттеген ғалым ретінде ашығын айтайын: Нагасаки де, Хиросима да 1945 жылдың тамызындағы сол қасіреттің зардабын әлі күнге дейін тартып келеді. Радиация залалы дегеніңіз – ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа кететін тажал. Бұл – ұлттың тегіне өшпес зақым жасау деген сөз. Біздің халық соның құрбандығы болды ғой…
— Сізді Қазақ жеріне, соның ішінде Семейге келуге нендей мақсат итермеледі?
— Сіз де қызық екенсіз, бұл – менің өмірлік зерттеу нысанам. Бізге атом бомбасы тасталса, Семей және басқа аймақтарда қырық жыл бойына орасан күшті жарылыстар жасалды. Мұның бәрі де қаруды сынау, оның адам ағзасына тигізер залалын зерттеу мақсатын көздейді. Міне, мен Семейге «Чернобыль сабағы: денсаулыққа байланысты тәуекелдерді радиациялық бағалаудың маңызы» деген тақырыптағы ғылыми жұмысыма деректер жинау үшін келдім, — деп жымиды профессор Шибата.
Сонау қиыр шеттен ғылыми зерттеулерінің жетегінде қазақ жеріне бұдан бұрын да сан мәрте келген жапон профессоры ядролық қару, атом бомбасының сыналуы туралы әңгіме бастасаңыз, қызулана өз дәлел-дәйектемелерін алға тосады. «Қазақстанның бүкіл әлемге ядролық қарусыздану жөнінде батыл бастама көтеруіне өз басым ерекше тәнтімін. Соның ішінде Елбасыларыңыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолдағы мақсатты іс-әрекеті бейбітшілік сүйгіш, ізгі жүректі барша адамзаттан қолдау табары күмәнсіз. Бұл – менің өмір бойғы арманым ғой…» дейді ол.
Мен іштей тебірендім: Сол Нагасакиінде зерттеуін жасап жүре берсе де, оны кім сөгер еді? Ал, ол Семей полигонын, тіпті, Чернобыль зардаптарын зерттеп, адамға жақсылық жасаймын деп шырылдап жүр ғой. Иә, иә, шырылдап жүр. Осы шынашақтай ғана жапон ғалымының жанайқайынан баршамыз неге өнеге алмаймыз?..
Тажал мен ажал деректері
Біздің қолымызда бар нақты деректерге жүгінсек, АҚШ-та 1080-нен аса жарылыс жасалса, Кеңес Одағында – 715, Фран-цияда – 180, Ұлыбританияда – 40-тан аса жарылыс болған. Қазақтың көрнекті жазушысы Әнуар Әлімжанов Ұлыбрита-нияның Қауымдар палатасында сөйлеген сөзінде былай деп ашына айтқан екен:
«… Атом жарылысы біздің Дегелеңде немесе Абыралыда немесе мұхиттардың аралында, Қытай шөлінде не Муруоада жасала ма, бәрібір, ол менің тауқыметті көп тартқан халқымның жүрегін сығымдайды. Себебі: жарылыстың маңайдағы бүкіл тіршілікке қауіп-қатер екенін біледі, басынан кешті. 467 жарылыстың әрқайсысы біздің жеріміз бен суымызды улады, адамдарымызды қасіретке ұшыратты, тіпті, ана құрсағындағы нәрестелерді мүгедек қылды. 467 жарылыстың әрқайсысы менің халқымның мәдени бесігінде, аяулы өңірінде оның келісімінсіз жасалып, ар-рухын аяқ асты етті…» (Лондон, 13.11.1990 ж.)
Айтса айтқандай-ақ, 1953 жылдың 12 тамызында Абыралы – Дегелеңде сутегі бомбасын жер бетінде сынау жүргізілген. Андрей Сахаровтың «Естеліктерінде» бұл жөнінде нақты жазылған. Әнуар Әлімжанов Лондондағы Ядролық қарусыздану ұлттық комитетінің конференциясында сөйлеген (10.11.1990 ж.) сөзінде (бұл баяндама мәтінін бізге белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Ғаббас Қабышұлы ағамыз жолдаған еді – И.Б.) былай деген екен:
«…Кеңестік сол сутегі бомбасын Қайнар ауылы іргесінде сынау алдында әскери басшылар ол жердің халқын басқа жаққа уақытша көшіре тұруды ұйғар-ған да, жап-жас 42 жігітті ғана қалдырған. Тәжірибе жасауға керек қояндай етіп! Бүгінде олардың 37-і жоқ, сынақ зардабынан қайтыс болды, қалған бесеуі – ауыр сырқат. Сондай-ақ, Қайнар ауылының бір тұрғыны қан дертінен көз жұмды; радиацияға ұшыраған 14 кісі өзіне-өзі қол жұмсады; 170 кісі қатерлі ісіктен қайтыс болды. Сол шағын ғана Қайнар ауылында 28 баланың ақыл-есі дұрыс емес немесе дене бітімі кемтар болып туған. Бір ғана жарылыстың кесапатын тартқан ауылдың қайғы-қасіретті жағдайы, міне, осындай!…».
Міне, Әлімжановты ашындыр-ған бұл деректер кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық.
Зәрезап болған Жер-Ана зары
Шынында да, қырық жылдан астам уақыт бойы жарылыстардан пәрша-пәршасы шығып, зар қақсаған Жер-Ана төсі небір сұмдықтарды бастан кешпеді? Полигон зардабын тарту тек Семеймен ғана шектеліп қалмай, еліміздің батыс аймағын да өзінің шылбыр-шеңгелінде шырмағандығы белгілі. Нарын мен Тайсойған, Азғыр құм-шағылдары да өте күшті жерасты және жерүсті дүмпулерінен зәрезап күй кешті.
Дәлелді алыстан іздемей-ақ қоялық. Осы жолдардың авторы бұдан 25 жыл бұрын арнайы теледидарлық шығармашылық топпен Атырау облысының Тайсойған ауылын, Нарын құмындағы Чапаев елді мекенін, Азғырдағы Асан ауылдарын түгел шарлап, «Жарылыстан көз ашпаған далам-ай…» атты циклді телефильм түсірген еді. Сол кезде полигон аумақтарында құлаған ракета сынықтары тау-төбе болып үйіліп жатты. Ауыл адамдары сол қалдықтардан шарбақ, қора жасап та алған. Олар жарылыстардың қалай жүзеге асырылғандығын, әскерилердің сынақ алдында малшыларға ұдайы таза спирт әкеліп беретіндігін, сосын жарылыс басталардан бір сағаттай бұрын оларды бала-шағасымен машинаға тиеп алып, бір төбе асырып тастайтынын жыр ғып баяндап берген.
Сол телефильмді түсіру барысында біз бір ғана шағын ауылдың өзінен 16-17 жастағы ондаған бозбала мен бойжеткеннің дарға асылып қалғандығын, қатерлі ісік ауруының небір ауыр түрлерінің шамадан тыс көбейіп кеткендігін көзімізбен көрдік. Үш-төрт жастағы бүлдіршіндердің ақ қан (лейкемия) сырқатына шалдығуы да тым көбейіп кеткен екен (соңғы кезде бұл сырқат мүлдем өршіп барады). Тіпті, сол сапарымызда қол-аяғы бұратылып біткен шарананы көріп, жанымыз күйзелген болатын.
— 1952 жылдан бері Батыс Қазақстанда шамамен 20 өте күшті атомдық жарылыстардың байқау-сынақтары жүргізілген. Атырау облысында «Азғыр», «Галит», Батыс Қазақстан облысында «Регион №3», «Лира», «Капустин Яр», Ақтөбе облысында «Батолит», «Ембі №5» полигондары болды, — деп еді өзара пікір алысқанда халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы Қазақстанның батыс аймағы бойынша филиалының директоры Ізімғали Көбенов.
Иә, сол жарылыстардың зардабын тұрғындар әлі күнге дейін тартып отыр. Өйткені, бұл бірден біліне қоймайды да, ұрпақ ауыса келе небір сұрқия ауру түрлері, мүгедектік, жетілу кемістіктері шыға береді. Сондықтан да, емдеу-сауықтыру шараларына оңды көзқарас керек.
P.S. Адамзат қолымен жасалған тажалдан қырық жыл бойы зар жылаған Жер-Ананың жан жарасы әлі де жазылып болған жоқ. Соны көріп-біліп отырып, қоршаған ортаға деген нем-құрайлылық пен табиғатты аяусыз бүлдіру әрекетіне батыл тосқауыл қояр уақыт жетті. Ендеше, ақыл-ой жаппай оянып: «Тоқтаңдар!» деп жар салуға кірісті. Ажал қаруын шығару аламанын дереу тоқтатуға шақыру жүріп жатыр. Батыс пен Шығысты табыстырған Уақыт, біздің назарымызды жалпы адамзаттық құндылықтарға бұрған Уақыт, жеріміз үшін, келешек ұрпағымыз үшін ядролық қарусыз бейбіт өмір орнатуға мүмкіндік берген Уақыт адамзаттан осыны талап етуде. Оның ішінде сіз де барсыз, біз де бармыз, әлеумет!..
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ