Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Бақ өсіріп, бағы жанды

Атыраулық Серік Шошақовтың ауласында жеміс ағаштары жайқалып тұр

Атыраулық Серік Шошақовты көршілері қарапайым тұрғын ретінде ғана емес, өз ісінің шебері, ізденімпаз бағбан деп таниды. Табиғаты жайсыздау, жері тұзды саналатын аймақтың қиындығына, өзінің екінші топ мүгедегі екеніне қарамастан, ол сан түрлі жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп келеді. Біз Жер-Ананың ризығын көріп отырған бағбанның егін егудегі құпиясын оқырманға жария етуді жөн көрдік.

Бақ өсіріп, бағы жанды

Баптай білсең, жер жомарт

Бағбанның әр күні жеміс ағаштарының түптерін қопсытудан басталады. Ол – жердің «тілін» жетік меңгерген адам. Кейіпкеріміз жеміс-жидек ағаштарын будандастырудың да хас шебері. «Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген нақылды өмірлік ұран еткен ағамыздың бау-бақшасында алма, алмұрт, жүзім, алхорылар жайнап тұр. Ауланы  құдды бір Иран бағы дерсіз.

«Таңертең сағат алтыда тұрамын. Сөйтіп, күнделікті жұмысым ағаштарды тексеруден басталады. Ондағы мақсат – сынғанын, құрт түскенін анықтау. Жеміс ағаштарының «жауы» құрт қой. Сол себепті, улау жұмыстарын уақытында жүргізіп тұрамын. Қарап тұрсаңыз, қалада көп үйде алма ағаштары бар. Бірақ, көпшілігі оны күтіп-баптай бермейді. Құрт жеп, жапырақтары қураған ағаштарды көргенде жаным ауырады. Сондықтан, жүрген жерімде көршілерге, ағайын-туыстарға «әуелі ағаш отырғызыңдар» деп насихат қыламын» дейді бағбан.

«Алмұрт – дәмінің тәттілігінен бұрын, пайдасы мол жеміс.  Ол ертеден-ақ белгілі болған. Біршама дертке шипа, тіпті, дәрумендік күші жоғары болып табылатын өсімдік алғаш отырғызғанымда бірден жерсіне қоймады. Жемісін бермей, жабайы шөп сояу-сояу болып өсті де қойды. Сөйтіп, ойлана келе, алмұртты тропикалық жеміс саналатын – айвамен будандастыруды жөн көрдім. Нәтижесін үш-төрт жыл күтуге тура келді. Еңбек еш кетпеді. Қазір, міне, балбырап пісіп тұр» дейді бағбан.

Алмұрт ағашының өскеніне алты жыл болған екен. Тамыз айының соңына дейін бір алмұрттың салмағы 350 граммға дейін жетеді.

Үйді айнала қоршаған ағаш: күндіз – саяң, түнде – панаң. «Бабалар еккен шынарды  балалар саялайды» деген бар. Серік аға  отырғызған әрбір жеміс және сәндік ағаштар ауланың ажарын ашып тұр. Тамылжып пісіп тұрған жүзімдер де көздің жауын алады. Мұнда оның жетпіс түбі бар екен.

 

«Көктем шыға көшет отырғызамыз»

Реті келгенде айта кетейік, Серік аға бау-бақша ісін нарықтық қоғамда нан табу үшін қолға алып отырған жоқ. Жемісін де пұлдамайды. Өнімін ауыл-аймақ, туған-туыс, көрші-қолаңына тегін үлестіреді. Білгенін кейінгілерге кеңес етіп айтып отырады.

Жерге еткен жақсылық жерден қайтады. «Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның, өзіңе қорған салғаның» деген бабамыз. Экологиялық ауыр аймақ саналатын біздің жерімізге жасыл желек өте қажет. Жемісі өз алдына, тал-терек ауаны тазартады. Ал, тазалық – ұрпақ саулығының кепілі. Кейінгілер аты жаман ауру түрлерінен аулақ болуы үшін, ағаш санын арттырып, балаларымызға базардың емес, өзіміз баптаған таза жемісті ұсынуымыз керек. Сондықтан да, барша ауыл азаматтарын жасампаз іске жұмылдырамын. Көктем шыға ел болып көшет отырғызамыз. Көбі оны менен әкетеді. Алсын. Ауласын абаттандырсын» дейді Серік Шошақов.

Оның бақшасындағы әрбір жемістің дәмі тіл үйіреді. Өнімнің тәтті болуы тұқымға да байланысты екен. Мәселен, алмұрт ағашының тұқымы сонау Қырғызстаннан әкелінген. Бау-бақшасында көкөніс пен жемістің барлық түрі өседі. Тіпті, сирек кездесетін шабдалыға дейін бар.

Әуесқой бағбан бақшасын айына төрт-бес рет суарады. Көктемде ағаш жапырақтарын зиянкестерден залалсыздандырып отырады. Ал, күз айында өнімін жинап, қыс бойы оны рахаттана тұтынады. Салқын түсе ағаш жапырақтарын түбіне көміп, қопсытады.

«Денсаулығым реттелсе, шарбағыма шағын жылыжай салу да жоспарымда бар.  Отбасымды көкөністен қысы-жазы үзгім келмейді» дейді ол.

 

P.S. Қоршаған ортаны құлай сүйген кейіпкеріміздің жан-дүниесінің сұлулылығына да тәнті болдық. Табиғат сырына қанық қарапайым ғана азаматтан үйренеріміз көп екен. Еңбек етуге талпынған адамды Жер-Ананың құралақан қалдырмайтынына біз осы жүздесуде көз жеткіздік.

 

Серік ШОШАҚОВ, әуесқой бағбан:

Жерді  суарудың  да  өз тәртібі  бар

Жерді бейберекет суара беруге де болмайды. Әуелі, жерді күрекпен қопсытасың да, топырағын қолыңа алып, қысып жіберіп қаласың. Топырақ тарап кетсе, демек суаратын сәттің келгені.

Сосын жерді суарарда суды ыдысқа құйып, хлорын буландырып шығарып аламын. Егінді содан кейін суарамын.

Абай Ақмұрзиев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button