ЖаңалықтарҚоғам

Мүмкіндігі шектеулі отбасыларға көмек берілді.

Халқымыздың қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі – жабырқаған жандарға жақсылық жасап, қамқорлық көрсету. «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы  «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар отбасыларына көмек берді.

«Нұр Отан» – іс үстінде

Жұмағыз Қизатованың тұрақты баспанасы жоқ. Туа бітті мешел ауруына шалдыққан кішкене қызын құшақтап, 11 жастағы ұлымен әр жерді паналап жүрген жан амалы таусылып «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалына келген. Халық арасында қайырымды істерімен танылған қалалық мәслихат депутаты Муса Хайруллиев мұқтаж жанға уақытша паналайтын пәтер жалдауға көмектесті. «Жетімін жылатпаған қазақпыз ғой. Жұмағыз өзі ата-анасыз өскен екен. Сүйенері жоқ. Оның үстіне қазір де тағдырдан теперіш көріп, екі баласын жалғыз өсіріп келеді. Мүмкіндігімше қолымнан келген көмекті көрсетуге тырыстым»- дейді ол.

Ал, облыстық мәслихат депутаты Әлия Бекқожиева    аз қамтылған, көп балалы отбасыларына жәрдемдесті. Халық қалаулысы күміс алқа иегері  Гүлдана Еркебаеваға  материалдық көмек көрсетті. Жалғызбасты ана алты  перзентімен қоса жол апаты салдарынан  миынан ауыр зақым алған әкесін бағып-қағады.  Қолы қалт етсе ұннан әртүрлі тәттілер пісіріп сатып, жан бағып отыр.  Биыл әкесінің төсек тартып жатқанына тоғыз жыл болған. «Жаным әбден  қиналған соң  «Нұр Отан» партиясынан көмек сұрап бардым. Әлия Бекқожиеваның қабылдауында болдым. Депутат тауымды қайтармады. Жылы сөзін айтып, көмектесетінін жеткізді. Біразға жететін азық-түлігін әкеліп беріп жатыр. Алла разы болсын. Балаларым ержетіп, осы «Нұр Отандағы» аға-апаларындай еліне қызмет етер» — дейді Гүлдана Еркебаева.

Еркінқала  елді мекенінде  тұратын  Тұмаровтар жанұясының да жағдайы мәз емес. Маңғыстау облысынан көшіп келген көп балалы отбасының отағасы жұмыссыз. Отанасы облыстық ауруханада тазалықшы болып қызмет етеді. Мәслихат депутаты Әлия Байжанқызы бұл отбасына да материалдық  қолдау көрсетті. «Облыстық мәслихат депутаты ретінде «Нұр Отан» партиясында өткізетін қоғамдық қабылдауыма тұрғындар өте көп келеді. Оның ішінде жағдайы ең төмендерге көмектесуге тырысамын» — дейді ол.

Абай АҚМҰРЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button