БАҒАЛЫ БАЛЫҚТЫҢ БАБЫ НЕГЕ КЕЛІСПЕДІ?

Облыстық «Атырау» газетінің үстіміздегі жылдың 25 шілдедегі санында журналист Ағиба Мұстажапқызының «Балық суында патша...» тақырыбындағы сараптамалық мақаласы жарық көрген еді. Мақалада өңіріміздегі балық шаруашылығын дамытудағы кездесіп отырған кедергілер мен шешімін күткен өзекті мәселелер төңірегінде айтылып, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің назарына ұсынылған болатын.
Осы мақалаға орай ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Балық шаруашылығы комитетінен төмендегі мазмұнда жауап келді.

«Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Балық шаруашылығы комитеті Атырау облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің 2013 жылғы 25 шілдедегі №85 санында жарық көрген «Балық суында патша…» атты мақаласын қарап, шаралар алынғандығын хабарлайды.
Қалыптасқан жағдайға байланысты Жайық-Каспий бассейнінің биоресурстарын сақтау мәселелері бойынша қолданылған шаралар туралы мәлімдейміз.
Ендеше, 2012 жылы құқықтық негіздің дамуын қарастыратын «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану» туралы Заңға түзетулер енгізілді. Онда балық ресурстарын қорғауды нығайту, броконьерлікке жауапкершілікті күшейту, үкіметтік емес ұйымдардың рөлін жоғарылату мақсаты көзделді.
Шаруашылық қызметтің нәтижесінде балық ресурстарына келтірілетін және келтірілген, оның ішінде болмай қоймайтын зиянды өтеу мөлшеріне сәйкес есептелетін әдістемені бекітуге уәкілетті органға мүмкіндік беретін норма қарастырылған.
Сонымен қатар, ішкі және сыртқы нарықтарда сауда үшін бекіре тұқымдас балық түрлері уылдырығын таңбалаудың бірыңғай жүйесі бекітілген. Таңбаланбаған бекіре тұқымдас балық түрлерінің уылдырығы өткізуге жіберілмейді және сәйкесінше уылдырықты өткізудің бекітілген тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Бекірелерді және олардың бөліктері мен дериваттарын заңсыз өндіру, сатып алу, сақтау, сату, әкелу, шығару, жөнелту, тасымалдауға жауапкершілік шаралары күшейтілген. Үш жылға дейінгі мерзімге сотталған адамның мүлкін, сондай-ақ қылмыстық әрекет нысаны болып табылатын мүлігін тәркілеумен бас бостандығынан айыруға шейін жаза қарастырылған.
2010 жылдың қарашасында Бакуде өткен Каспий мемлекеттері басшыларының Үшінші Саммитінде Мемлекет басшысы Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балық түрлерін коммерциялық аулауға мораторий енгізуге бастамашылық еткенін мәлімдейміз. Бүгінгі күні аталған мәселе Каспий теңізінің су биоресурстары бойынша комиссиямен талқылануда. Қазақстан өз жағынан бекіре тұқымдас балық түрлерін кәсіптік аулауға тыйым салған.
Бекіре тұқымдас балық түрлері популяциясы санының қысқаруы гидрологиялық режимнің өзгеруінен уылдырық шашу орындарының тұнбалануымен, уылдырық шашу кезеңінде Жайық өзені су ағыны көлемінің азаюы және су жіберу ұзақтығының қысқаруымен байланысты болып отыр.
Бүгінде Жайық бекіре тұқымдас балық түрлерінің табиғи уылдырық шашу орындары сақталған жалғыз өзен болып табылады. Балық өткелі арналарында бекірелердің табиғи өсімін молайту үшін жағдай жасау мақсатында 2004 жылдан бастап Атырау облысы шегінде республикалық бюджет есебінен түп-тереңдету жұмыстары жүргізіліп келеді.
Бекіре тұқымдас балық түрлерінің жасанды өсімін молайту мақсатында Атырау және Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыттарымен табиғи мекендеу ортасына жыл сайын 7 млн. шабақ жіберіледі. Олардың жиынтық қуатын екі есеге көбейту үшін, осы зауыттарды жаңғыртуға техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Атырау облысында жобалық қуаты жылына 30 млн. дана бекіре тұқымдас балықтардың шабағын шығаратын жаңа бекіре балықтарын молайту зауытын салу жоспарлануда. Аталған инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне зауыт құрылысы бойынша негіздеме енгізілді.
Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 18 ақпандағы №151 қаулысымен бекітілген агроөнеркәсіптік кешенді дамыту «Агробизнес-2020» бағдарламасында тауарлы балық өсіруді дамыту бойынша мемлекеттік қолдау көрсету шаралары қарастырылған. Бұл шаралардың іс жүзінде жүзеге асырылуы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелген. Атап айтқанда, тауарлы балық өсіруді қолдау мен дамыту үшін құнды балық түрлерінің асыл тұқымды толықтырушы-аналық балықтар табынын ұстауға шығындарды субсидиялауды жүзеге асыру қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы №577 Жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы бекітілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 6 тамыздағы №750 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.
Іс-шаралар жоспарында Балық шаруашылығын 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасын әзірлеу қарастырылған. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдар және ғылыми ұйымдарға аталған бағдарламаны әзірлеу үшін жұмыс тобы құрамына кандидатуралар ұсыну бойынша сұрау жіберілді.
Балық шаруашылығын 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасында балық шаруашылығы бассейндік инспекцияларын материалдық-техникалық қамсыздандыруды нығайту, нормативтік құқықтық базаны әрі қарай жетілдіру, ұдайы өсіру кешеніндегі кәсіпорындардың өндірістік базасын жаңғырту бойынша шаралар қарастыратын болады. Сонымен бірге, әрекеттегі бекіре балық өсіру зауыттарын қайта құру және Атырау облысында жобалық қуаты жылына 30 млн. дана бекіре тұқымдас балықтардың шабағын шығаратын жаңа бекіре балықтарын молайту зауытын салу бойынша іс-шараларды қаржыландыру қарастырылатын болады.
Жалпы алғанда, мүдделі мемлекеттік органдармен және шаруашылық субъектілермен жүргізілетін бірлескен жұмыс Жайық-Каспий бассейніндегі биологиялық бірегей әртүрлілікті болашақ ұрпақ үшін сақтауға және қорғауға бағытталған».

Қайырбек МҰСАБАЕВ,
ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз