Атырауда 3,5 млн шаршы метрге тұрғын үй салынады

2019 06 06 ef25fdb0 a995 46a6 acc3 48accd288816 Жаңалықтар

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Атырау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізгі жобаларын атады.

Бұл туралы «ҚазАқпараттан» белгілі болды.

«Атырау облысын дамытудың өзектендірілген кешенді жоспары жалпы сомасы 8,9 трлн теңге болатын 185 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюджет – 535,8 млрд теңге, жергілікті бюджет – 112,6 млрд теңге, жеке инвестициялар – 8,3 трлн теңге. Жоспар аясында ауданы 400 гектар индустриялық аймақ құру, терефталь қышқылын өндіру зауытын және көтерме-тарату орталығын салу көзделген», – деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша 6 жылыжай, 5 мал бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы, балық өсіруге арналған 7 тоған шаруашылығы, сүт өңдеу цехтары және басқалары салынады. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 10 ауылда 228,1 шақырым электр желісін салу, 640 шақырым автожолды жөндеу және қайта жаңарту, 13 елді мекенді газбен әрі сумен қамтамасыз ету, 6 ұңғыманы және «Тайсойған-Миялы» магистральдық су құбырын салу, сондай-ақ тағы басқа жобалар іске асырылатын болады.

«Жоспарды іске асыру қорытындылары бойынша 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 35%-ға артады, халықты сумен қамту 100% қамтамасыз етіледі, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға дейін жетеді, 3,5 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде», – деді министр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз