БАҒАЛЫ БАЛЫҚ БАРМАҚТАЙ ШАБАҚТАН ӨСЕДІ

«Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауыты биылғы маусым басталғалы тұңғыш рет бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын өзенге жіберді. Жіберілген шабақтар саны шамамен бір миллион 400-ді құрайды. Олардың барлығы жоғары деңгейде бағылып, өсірілген.

-Өзенге барлығы төрт тоғаннан шабақтарды жібергелі отырмыз,-дейді зауыт директоры Рашиден Қалидуллин..- Олар өзен арқылы теңізге өтеді. Қазір салмақтары бес грамм мен тоғыз грамм аралығына дейін жетіп отыр. Ал, ұзындықтары 15 сантиметрге дейін жетеді. Біз осы жылы шабақтарды теңізге үш рет жіберуіміз керек.
«Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытының аумағында 20 тоған бар екен. Орташа алғанда әрқайсысының көлемі екі гектарды құрайды. Шабақтар бұл жерде құрт және бентос секілді табиғи азықпен қоректендіріледі.
Зауыт өзге компаниялармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасап келеді. Солардың бірі – «Інжу-маржан» – жауапкерші-лігі шектеулі серіктестігі.
-Биылғы жылы біздің мекемеден 120-130 адам осы бекіре өсіру зауытына көмекке барды. Техникаға қажетті жанар-жағармайлар да біздің компаниядан алынды. Біз бұл зауыттан қара балық өндіріп аламыз. Сол арқылы өзіміздің 130 адамға еңбекақы төлейміз,-дейді «Інжу-маржан» ЖШС директоры Гүлфара Исмағұлова.
Балықтар теңізге жіберілмес бұрын әуелі саналуға тиіс көрінеді. Бұл да -көпшілікпен бітетін жұмыстардың бірі. Шабақтардың жалпы санын білу үшін сұрыптап аулау әдісі қолданылады екен. Әуелі тоғанның бірнеше тұсына жіп керілді. Содан соң оның бойымен жүретін тралдың көмегімен шабақтар шығарылып, су толы табақшаларға салынады. Содан соң барып мамандар оларды санай бастады.
– Бұл жерде арнайы формула бойынша шабақтардың жалпы саны есептеледі, – дейді Рашиден Мусаұлы. – Барлық зауыттарда осылай санайды.
Бұл шабақтардың межелі жерге жетуі де күрделі жағдайда өтеді. Біраз бөлігі өзен арқылы теңізге барар жолда шығынға ұшырайды. Бұл енді табиғи заңдылық. Дегенмен, соның өзінде бұлардың 30 мыңдайы үлкен балыққа айналады екен.
Директордың айтуынша, соңғы жылдары мәскеулік ихтиологтар біздің бекіре тұқымдастардың генетикасын зерттеп келеді. Бұл жалпы, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты айналысатын мемлекеттік бағдарлама көрінеді. Ол ауыл шаруашылығы министрлігінің желісі бойынша қаржыландырылып отыр.
Мамандардың айтуынша, ең соңғы рет уылдырық жақсы шашылған кезең 1996 жылдың көктемі болыпты. Ол кезде Жайықтың кеңестік дәуірден келе жатқан ерекше мәртебесі әлі сақталып тұр еді. Ол таза судың 35 пайызын теңізге беріп тұрған жоғары санаттағы өзен болатын. Одақ тарағаннан кейін көп ұзамай Жайық тайызданып кетті. Бұрынғыдай таза су жоқ. Олай болса, өсіріп-өндіруді көбейту үшін не істеу керек? Осы сұрақтардың барлығын ихтиологтар шешуге тиіс.
Осы ретте Каспийді тел емген көршілердің тәжірибесіне сүйенер болсақ, мәселен, астрахандықтар қазір өздерінің аналық үйірі есебінен жақсы жұмыс жасауда. Бұл процесс Иран мен басқа да Каспий өңірі елдерінде өте жақсы жолға қойылған. Ресейде қуаттылығы-80 миллион, Иранда қуаттылығы 35-40 миллион болатын алты зауыт бар. Әзірбайжан зауыттары теңізге 15 миллионға дейін шабақ жібереді. Бізге де осыған қадам жасау керектігі дау тудырмайтын мәселе болса керек.
-Әрине, жасанды жағдайда өсірілген кез келген балық табиғи жағдайда өскен түрлерінен ерекшеленеді. Сондықтан, бекіре тұқымдастардың шабақтарын теңізге жіберу өте маңызды, нәтижесі болатын жұмыс,-дейді. Рашиден Мусаұлы.
Міне, санақ біткеннен кейін балық өсіру зауытының жұмысшылары шлюздерді ашты. Күні кеше шүпірлеп жатқан тоғандар ертең-ақ босап қалмақ. Бекіре тұқымдастардың бүкіл шабағы өзенде жүзіп отырып, әрі қарай теңізге асады. Олардың өмір үшін арпалысы шығынсыз да болмайтыны анық. Десек те, жолдарың болсын, шабақтар!

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ,
суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз