Атырауда «Тұлғалар аллеясы» ашылды (+ФОТО)

img 3728 1 Жаңалықтар

Аtr.kz/22 сәуір, 2019 жыл. Өңіріміздегі тағылымды тарихы бар, іргелі де бірегей білім ордаларының бірі Халел Досмұхаммедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  қақ алдында қасқайып тұрған Халел есерткішінің  төңірегінен ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан өлкеміздің біртуар азаматтарының кеуде мүсіндері қойылған «Тұлғалар аллеясы»  ашылды.   

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жасақталған  аллеяның бел ортасындағы  бұрынғы ескерткіштің  екі қапталына тең  бөлініп қондырылған биіктігі жалпы есеппен үш метрлік  сегіз тұғырға әдебиет және ғылым, мәдениет және өнер саласында айрықша із қалдырған  бабаларымыз этнограф Мұхамбет-Салық Бабажанов, жырау Мұрат Мөңкеұлы, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Бақтыгерей Құлманов, ақын Ығылман Шөреков, академик Салық Зиманов, жазушы-академик Зейнолла Қабдолов, актер, Қазақстанның халық әртісі Нұрмұхан Жантөрин, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтардың бюст бейнелері қойылды.

dsc06084

Аллеяның салтанатты ашылуында алдымен Х. Досмұхаммедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  ректоры Абзал Талтенов сөз алып, «Елдігіміз үшін қызмет еткен осындай ардақты тұлғаларымыздың мүсіндері білім ордасының көрнекі жерінен орын тепкені біз үшін үлкен абырой және мақтаныш» дей келе, ұрпағымыздың санасында тарихи тұлғаларды жаңғыртып, рухани күш беретін осы игі істің жүзеге асуына мұрындық болған азаматтарға зор алғысын білдірді.

dsc06115

Келесі кезекте, жиын модераторы сонау Ресей елінде Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқаратын жерлесіміз Иманғали Тасмағамбетовтың осы аллеяның ашылуына орай жолдаған құттықтауын оқыды.

dsc06076

Осыдан соң, көпшілік алдына Қазақстан Жазушылар одағы Атырау филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев, жазушы  Зейнолла Қабдоловтың ұлы Бақыт Қабдолов, академик Салық Зимановтың келіні Жаннат Зиманова, актер Нұрмұхан Жантөриннің қызы Бақыт Жантөриналар шығып, өздерінің жүрекжарды сөздерін айтты. Сондай-ақ, бұл айтулы шараға  жазушы Әбіш Кекілбаевтың ұлы Дәулет, академиктер Зейнолла Қабдолов пен Салық Зимановтың немерелері, ақын Ығылман Шөрековтің жиендері қатысты.

dsc06112

Шара соңында тұғырға қонған тарихи тұлғалардың туыстары және өңіріміздің белгілі тұлғалары топтасып аспан әлемінде шалықтаған әсем әуеннің сүйемелдеуімен  ескерткіштерге жабылған жабындыны салтанатты түрде ашты.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз